Маминнің ШҚО-ға жұмыс сапары: жолдар, АӨК, ТМК және денсаулық сақтау

24 Мамыр 2021, 20:17
1301
Бөлісу:
Маминнің ШҚО-ға жұмыс сапары: жолдар, АӨК, ТМК және денсаулық сақтау
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының көлік инфрақұрылымы, тау-кен металлургия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, сондай-ақ денсаулық сақтау салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуын тексерді.

Аягөз қаласында Үкімет басшысына «Талдықорған – Өскемен» (768 км), «Қалбатау – Майқапшағай» (415 км) және «Үшарал – Достық» (180 км) автомобиль жолдарын реконструкциялау барысы туралы баяндалды.

02 (15).jpg

Премьер-министр Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының жолдарындағы құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. Бұл ретте Үкімет басшысы құрылып жатқан көлік инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз етудің және оны уақытылы пайдалануға берудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Аягөз ауданында А. Мамин «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС кеңейту жобасымен танысты. Биыл сульфидті кенді өңдейтін Ақтоғай ІІ байыту фабрикасының құрылысын аяқтау жоспарланған. Инвестиция көлемі 514,6 млрд теңгені ($1,2 млрд) құрайды. 1 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Жобаны іске асыру 2022-2027 жылдары кәсіпорын өндіретін мыс көлемін жылына 125 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуға және кенішті әлемдегі ең ірі кен орындарының қатарына шығаруға мүмкіндік береді. Ақтоғай кен орнында сондай-ақ оксидті кендерді қайта өңдеу кешені жұмыс істейді, онда 2024 жылға дейін жыл сайын 20 мың тонна катодты мыс өндіруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

03 (12).jpg

Глубокое ауданының Солнечное ауылында Үкімет басшысы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС (МДТШ) тауарлы-сүт фермасын, егіс алаңдарын және ауыл шаруашылығы техникасын қарап шықты. 2020 жылы кәсіпорын 13 мың тонна сүт және 300 тонна сиыр етін өндірді. Өндірісті жаңғырту аясында 2022-2025 жылдары жалпы сүт саууды тәулігіне 40 тоннадан 100 тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. МДТШ ҚР-дағы алдыңғы қатарлы тұқым өсіру шаруашылықтарының бірі. Өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын сату бойынша ЖШС 1-орынға ие болды (10 мың тонна тұқым). Өткен 5 жылда барлық өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша орташа өнімділік гектарына 4,3 тоннаны құрады. Кәсіпорын Солнечное ауылында жалпы ауданы 3,7 мың ш.м. аз қабатты тұрғын үйлер кешенін салу арқылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға белсенді қатысады.

04 (13).jpg

Семей қаласында премьер-министр «Qazaq astyq group» ЖШС май экстракциялық зауытының күнбағыс тұқымын қайта өңдеу желісінің жұмысын іске қосты. Инвестицияның жалпы сомасы 13 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның қуаты – тәулігіне 1000 тонна күнбағыс тұқымын немесе 800 тонна рапс/зығыр тұқымын қайта өңдеу. Кәсіпорында 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Зауыт ҚР-ның өсімдік майына деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз етеді, оның өнімдері сыртқы нарықтарға да экспортталатын болады.  А. Мамин Қазақстандағы радиофармпрепараттар өндіруден және оларды онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауда қолданудан бастап, пациенттерге радионуклидтік терапия жүргізуге дейінгі толық циклді ядролық медицинаның жалғыз медициналық мекемесі – «Семей қ. ядролық медицина және онкология орталығына» барды. Үкімет басшысы сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет балалар мен ересектерді оңалту технологиясы – «h/p/cosmos locomotion» қолданылған, биыл қалада ашылған «iv plus клиникасының» қызметімен танысты. Мұнда ағзаның физиологиялық және моторлық функцияларын қадағалаудың электрондық жүйелерін пайдаланатын цифрлық платформадағы еліміздегі алғашқы медициналық оңалту орталығы ашылды.

05 (13).jpg

Биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға – 860,8 млрд теңгеге дейін өсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 93,8 млрд теңгені (+2,1%), құрылыс жұмыстарының көлемі – 51,6 млрд теңгені (+5,6%) құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 177,6 млрд теңгеге жетті (+6,8%). Жұмыс сапарына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қатысты.



Өзгелердің жаңалығы