Мамин жыл соңына дейін ауылдардағы медицина ұйымдарын интернетпен қамтуды тапсырды

2 Наурыз 2021, 10:33
3367
Бөлісу:
Мамин жыл соңына дейін ауылдардағы медицина ұйымдарын интернетпен қамтуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Асқар Мамин алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту бойынша өткен Үкімет отырысы барысында айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауында Үкіметке медициналық алғашқы көмекті ұйымдастырудың тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Халықтың басым көпшілігіне, әсіресе, ауылды жерлерде мобильділік пен қолжетімділік аса қажет. Бұл міндеттер Nur Otan партиясының бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасында белгіленген. Сондықтан алғашқы көмекті жаңарту мен оған халықтың қолжетімділігін кеңейту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауымыз керек, - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта амбулаториялық емхана объектілері ғимараттарының ең жоғары тозуы мен ең төмен техникалық жарақтандыруы Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.

 Ауылдарда жұмыс істеуге жас медицина мамандарын жаппай тарту, оларды ынталандыру қажет екенін атап өткім келеді. Әсіресе, Түркістан, Ақтөбе облыстарында жас кадрларды материалдық ынталандыру жұмысы жеткіліксіз жүргізілуде. Бұл бағытта Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарының жас мамандарды әлеуметтік қолдаудағы тәжірибесін пайдалану керек.  Республикада 2025 жылдың соңына дейін 487 объектіні салу жоспарланған. Сонымен қатар  600-ден астам алғашқы медициналық көмек көрсету объектісін күрделі жөндеуден өткізу қажет, - деді ол.

Қабылданып жатқан шаралар, әсіресе, ауылдық елді мекендерді, алғашқы медициналық көмекпен қамтуды едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Үімет басшысы өңір әкімдері бір ай мерзімде денсаулық сақтау объектілерінің инфрақұрылымын дамытудың – бастапқы денсаулық сақтау объектілерін салу мен жарақтандырудың жол картасын әзірлеп, жылдар бойынша және елді мекендер бойынша нақты бөлуді тапсырды.

Өңірлердің әкімдіктеріне Денсаулық сақтау, Цифрландыру министріктерімен бірлесіп, жылдың соңына дейін барлық ауылдарда медицина ұйымдарын интернетпен қамтамасыз етіп, медициналық ақпараттық жүйелерге қосуды тапсырамын. Бұл шаралар ауылдарда медициналық қызмет көрсетуді онлайн форматта жүргізу, телемедицинаны, мобильді қосымшаларды дамыту үшін қажет. Сонымен қатар әкімдіктер Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, өңірлерде жаңа учаскелер ашу, жеке секторды дамыту арқылы алғашқы медициналық көмек ұйымдарының дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз етуі қажет. Жас медицина қызметкерлерін, әсіресе, ауылға жұмысқа келген мамандарды материалдық ынталандыру бойынша шаралар қабылдау керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы