Астана, BAQ.KZ. Бір айдың көлемінде еңбек қауіпсіздігі бойынша 5 жылға арналған жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мәлімдеді.
«Бүгін еңбек саласындағы бірқатар проблемалық мәселе талқыланды. Оларды шешу үшін нақты шаралар қабылданатын болады. Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін құру қажет. Еңбек министрлігінің барлық ұсыныстарын қолдаймын. Біріншіден, әкімдер әлеуметтік еңбек қақтығыстарын болдырмау мәселесін бақылауда ұстап, жұмысшылардың жұмыстан негізсіз босатылуына жол бермеуі керек. Бірқатар компанияда еңбек қатынастарын жақсарту және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша тиімді шаралар қолға алынған. Біз оны білеміз. Елбасының жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру бойынша бастамасын қолдап отыр, әлеуметтік жобалар іске асуда. Осындай оң тәжірибені басқа өңірлерде де қарқынды енгізу керек», - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы ҚР Кәсіподақтары федерациясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бүгінгі ұсыныстары қаралып, ортақ шешім шығарылуын да тапсырды.
«Соның ішінде, қарыздар, өнеркәсіптегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау бойынша ұсыныстар мен өңірлердегі үшжақты комиссияның жұмыс форматын қайта қарау керек. Олар белсенді жұмыс жасаулары керек және формальділікке жол бермеу қажет. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды мәселе болып табылады. Осыған орай еңбек министрлігіне тиісті мемлекеттік органдар және кәсіпорындармен бірлесіп, бір айдың ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша 5 жылға арналған жол картасын дайындауды тапсырамын», - деген ол бұл мәселені бақылауда ұстауды өз орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға тапсырды.