Мамин: Әлеуметтік шаралар алдымен көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға бағытталып отыр

2 Шілде 2019, 10:48
1735
Бөлісу:
Мамин: Әлеуметтік шаралар алдымен көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға бағытталып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша министрліктерге тапсырма берді.

«Президент бірқатар әлеуметтік шараларды қабылдады. Оларды іске асыру азаматтардың әлеуметтік проблемаларын шешіп қана қоймай өзінің материалдық жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан қазір біздің алдымызда тұрған міндет оларды уақытында орындау үшін барлық ұйымдастырушылық және заңнамалық мәселелерді жылдам шешу. Ол үшін 2019-2021 жылдарға арналған Республиканың бюджет жобасына қажетті қаражат көзделген. Баяндама барысында Еңбек бағдарламасына түзетулер енгізілетіні айтылды. Олар микрокредит беру, грант беру құралдарын кеңейтуге, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға, қысқамерзімді оқытуға бағытталған. 2019-2021 жылдарға арналған Республикалық бюджетке және Еңбек мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті Үкімет қаулы шығарып отыр», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол Қаржы министрлігіне премьер-министр кеңсесімен бірлесіп, 2019 жылға арналған республика бюджетін нақтылау бойынша Заң жобасын Парламент мәжілісіне енгізуді тапсырды. 

«Президент мәлімдеген әлеуметтік шаралар көп саланы қамтиды. Оларды толық және уақытылы орындау үшін бір апта мерзімде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп азаматтардың борыштық жүктемесін төмендетуге бөлінген қаражатты пайдалану жөнінде және кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша, нақтыланған айыппұлдар мен өсімдерді есептеп шығару бойынша тиісті механизмдермен Үкіметке тиісті шешім жобасын енгізу керек. Еңбек мемлекеттік бағдарламасын, микрокредит, мемлекеттік гранттар беру, оқыту және қайта оқыту механизмдерін, жұмыссыздарды жұмыспен қамтудағы тиімді құралдары болып табылады. Оларды кеңінен пайдалану үшін 50 млрд теңге көзделген. Еңбек министрлігі, әкімдіктер және «Атамекен» палатасы осы жұмысты тиімді ұйымдастырсын», - деді Асқар Мамин. 

Сөз арасында ол, халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жетілдіру керектігін айтты. 

«Әдеттегідей жұмыссыз адамдарды тіркеумен ғана шектелмей жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдарды іздеумен, бос жұмыс орындарын толықтырумен белсенді форматына көшу қажет. Еңбек министрлігі әкімдер мен «Атамекен» палатасымен бірлесіп бір ай мерзімде жұмыспен қамту орталықтарында жаңа жұмыс істеу регламенті қабылдансын», - деді премьер-министр.

Сондай-ақ, ол тұрғынүй мен білім гранттарын бөлу бойынша да бірқатар министрлікке тапсырма берді.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі айдың соңына дейін жұмыс істейтін жастар арасында тұрғынүйді бөлу ережелерін бекітсін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан тұрғынүй жинақ банкімен бірлесіп әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар тұрғынүйді сатып алу үшін жеңілдікті несиелер беруді жеделдетсін. 1 қыркүйектен бастап тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға қосымша 5 мыңнан аса білім гранты бөлінеді. Жұмысшы мамандықтарының шәкіртақысы 30%-ға артады. Әкімдер Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп осы гранттарды беруді қамтамасыз етсін», - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы