Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту тиісті министрліктерге тапсырмалар берді.
"Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Аса маңызды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және ТКШ (тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы) білім беру, денсаулық сақтау сияқты секторларда іске асырылып жатыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі енгізілгеннен бері 1,6 трлн теңгеге 615 шарт жасалды. Сонымен қатар, 1,9 трлн теңгені құрайтын 638 шарт пысықталуда", - дейді Асқар Мамин.
Оның айтуынша, жобалардың саны мен инвестиция сомасы бойынша серпін бар, дегенмен бұл әлеует тиісті деңгейде іске асырылмай отыр екен.
"Көлік және энергетика, ТКШ саласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыру қажет. Осыған байланысты Ұлттық экономика мен Индустрия министрліктеріне МЖӘ-ні дамытудың озық халықаралық тәжірибесін ескерумен заңнамаға қажетті өзгерістерді пысықтауды жүктеймін. Денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары белсенді түрде дамып жатқанын айтуға болады. Осы жұмысты жалғастыру қажет", - деді премьер-министр.
Сонымен қатар, мүдделі мемлекеттік органдарға ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, өздері жетекшілік ететін салаларда МЖӘ-ні дамыту бойынша жол карталарын әзірлеуді тапсырды.
"Олардың орындалу барысы үкіметтің Жобалық кеңсесінің отырыстарында тыңдалады. Жалпы, елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен жеке әріптестіктің тиімді өзара іс-қимылын жолға қою қажет", - деді Асқар Мамин.
Бұған дейін Үкімет отырысында премьер-министр
Асқар Мамин индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа тапсырма жүктеген болатын.