Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Марат Хуснуллинмен кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.
Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, транзиттік-көлік, құрылыс салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастығының XVII форумы аясында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.
Келіссөз барысында көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейту және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздері және ЕАЭО кеңістігіндегі басқа бағыттар аясындағы аймақтық көліктік өзара байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.
ҚР Премьер-министрі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы өткізу пункттерін реконструкциялау арқылы көлік әлеуетінің тиімділігін арттыру қажет екенін атап өтті.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Биыл елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Осы жылғы қаңтар-шілде айларында екіжақты тауар айналымы $12,7 млрд құрады, бұл 2020 жылғы сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 26,7%-ға жоғары. Қазіргі динамика сақталған жағдайда, екі ел арасындағы сауда көлемі биыл $20 млрд-тан асуы мүмкін.