Мамин министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді

29 Маусым 2021, 10:34
2271
Бөлісу:
Мамин министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин білім беру объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша тапсырма берді.

Мектептерде тексеру жүргізу барысында терроризмге қарсы қауіпсіздікті бұзу фактілері анықталды. Оқу орындарын кәсіби күзетпен қамтамасыз ету, турникеттер, «дабыл түймелері» және камералар орнату жұмысының ұйымдастырылу деңгейі жеткіліксіз, - деді Үкімет басшысы.
Маминнің сөзінше, арнайы күзетпен қамтамасыз етілген мектептердің ең көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында. Шығыс Қазақстан облысында мектептерде орнатылған камералар талаптарға толық сәйкес келеді.
Жалпы оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын айтарлықтай жандандыру қажет. Сонымен қатар өңірлерде балаларға қатысты және балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасын салааралық үйлестіруді күшейту талап етіледі, - деп түсіндірді Мамин.

Ол министрліктер мен өңір әкімдіктеріне тапсырма берді.

Өңірлердің әкімдіктері жаңа оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарын қауіпсіздіктің материалдық-техникалық құралдарымен қамтамасыз етсін. Бұл ішкі істер органдарының жедел ден қою орталығына шығатын бейнебақылау жүйелерін жаңартуға, кәсіби күзетпен, турникеттермен және «дабыл түймелерімен» қамтамасыз етуге қатысты, - деп айтты Премьер-министр.

Сонымен қатар Білім министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге биылғы 10 шілдеге дейін Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітуді тапсырды.

Білім, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері биылғы 20 шілдеге дейін террористік тұрғыдан осал ведомстволық объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітсін. Сондай-ақ Білім, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері мен өңірлердің әкімдіктері биылғы шілденің соңына дейін төтенше жағдайлар туындаған кездегі персонал мен оқушылардың іс-қимыл алгоритмін бекітсін, - деп айтты Асқар Мамин Үкіметте.

Үкімет басшысы оқу орындарында үнемі терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізіп тұру керегіне де тоқталды.

Өңірлердің әкімдіктері қиын балалармен жүргізілетін жұмыс бойынша мектеп психологтары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларды үйлестіруді күшейту қажет. Өңірлердің әкімдері оқу орындарының қауіпсіздігі мәселелерін ерекше бақылауға алсын, - деп тапсырмасы берді ол.
Өзгелердің жаңалығы