Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасына барып, өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов пен денсаулық сақтау министрі А. Цой биыл 25-31 қазан аралығында өңірде сырқаттанушылықтың 1,6 есе өскенін, ал репродуктивті саны 0,9-ға жеткенін баяндады. 2020 жылғы 1 қарашада 2 сырқаттану тіркелді, 2-6 қараша аралығында тіркелген жоқ.
Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 17%, реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі 10% құрайды. Аурудың ең жоғары көрсеткіштері Ақтау және Жаңаөзен қалаларында байқалады. Өңірде 335 инфекциялық және 48 реанимациялық төсек-орны бар 9 жұқпалы аурулар стационары жұмыс істейді. Қосымша 1835 инфекциялық және 130 реанимациялық төсек-орны бар 11 резервтік стационар жасақталған. Медициналық мекемелер 260 ӨЖЖ аппаратымен және 638 оттегі концентраторымен қамтамасыз етілген. 14 стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген.
Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 450 млн теңге бөлінді, бұл өңірдің медициналық мекемелері мен дәріхана желісінде екі айлық дәрілік заттар қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жедел медициналық жәрдем машина паркі 82 бірлікке толықты, жыл соңына дейін қосымша 34 машина жеткізіледі деп күтілуде. Маңғыстау облысында COVID-19 диагностикасы бойынша 6 зертхана, сондай-ақ ПТР-тестілеуді өткізуге арналған жылжымалы станция жұмыс істейді.
Тестілеудің жиынтық қуаты тәулігіне 4300 тестіні құрайды. Қазіргі уақытта тәулігіне 1300-ден астам ПТР-тест өткізіледі. Биыл тамыз айынан бастап 24 мониторинг тобы 1428 рейд жүргізді, объектілерде 126 бұзушылық анықталды.
Үкімет басшысы Маңғыстау облысының әкімдігіне коронавирус инфекциясының ықтимал жаңа толқынына дайындық шараларының барлық кешенін жүргізуді тапсырды, оның ішінде: халық пен бизнес субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтауын бақылау жөніндегі мониторинг топтарының жұмысын күшейту; алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді күшейту, бірінші кезекте созылмалы аурулары бар адамдарға, 65 жастан асқан адамдарға және жүкті әйелдерге назар аудару; сырқаттанушылықтың одан әрі өсуі ықтималдығында резервтік инфекциялық орындардың болуын қамтамасыз ету; өңірдің тұрақтандыру қорынан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды стационарларға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету.
Премьер-министр Ақтау қаласында салынған 200 төсек-орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасын аралап, өңірге жеткізілген жедел жәрдем машиналарын және елімізде құрастырылған жылжымалы медициналық кешендерді көрді.