Мамин Катар орталық банкінің төрағасымен кездесті

3 Желтоқсан 2019, 09:20
5853
Бөлісу:
Мамин Катар орталық банкінің төрағасымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Катар мемлекетінің орталық банкінің төрағасы Абдалла бен Сауд әл-Тани бастаған делегацияны қабылдады, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі. 

Катар ‒ Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси серіктесі. Біздің елдеріміз арасында Қазақстанның Тұңғыш президенті ‒ Елбасы Н. Назарбаев пен Катардың жоғары басшылығы негізін салған сенімді әрі ашық саяси диалог орнаған. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты ұстана отырып, Катармен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді, - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы-банк және басқа да салалардағы ынтымақтастықты арттыру үшін едәуір әлеуеттің бар екенін атап өтті.

Елдер арасында визасыз режим орнаған, жақында Нұр-Сұлтан мен Доха арасында тікелей рейстер ашылады деп жоспарлануда. Одан соң тұрақты рейстер аптасына 7 рет тек астаналар арасында ғана емес, сонымен қатар Алматы мен Доха арасында да орындалмақ. Тараптар инвестициялық және қаржы-банк саласындағы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде "Астана" Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясында катарлық банктер өкілдіктерін ашуды талқылады.

Екі ел кәсіпкерлерінің арасындағы байланыстарды дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында 2020 жылы көктемде Қазақстан-Катар бизнес-форумын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.   

Кездесуге премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Ә.Смайылов, ұлттық экономика министрі Р. Дәленов және АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов қатысты.

Сондай-ақ, ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының президенті лорд Себастьян Ньюболд Коэ бастаған делегацияны қабылдады. 
Спорттың, оның ішінде жеңіл атлетиканың танымалдылығын арттыру біздің саясатымыздың маңызды бағыты. Қазақстанда 7 озық жеңіл атлетика орталығының құрылысы жүріп жатыр - Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Павлодарда, Ақтөбеде, Талдықорғанда, Атырауда және Өскеменде. Бұл осы спорт түрінің одан әрі таралуына ықпал ететін болады, - деді Асқар Мамин.

рып.jpg

Бүгінде 20 мыңнан астам қазақстандық жеңіл атлетикамен айналысады, оның ішінде 11 мыңы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінде оқиды, 600-ден астамы кәсіби спортпен шұғылданады. Қазақстан 1993 жылдан бері Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының  (IAAF) мүшесі. Қазақстандық спортшылар 20-дан аса марапат иеленді, оның ішінде 2000 жылы Сиднейде алтын медальға (Ольга Шишигина) және 2012 жылы Лондонда алтын медальға (Ольга Рыпакова) ие болды. 

Тараптар білікті жаттықтырушылар персоналын даярлауда, жеңіл атлетиканы бұқаралық спорт түрі ретінде танытуға және балалар арасында жеңіл атлетикадан жарыстар өткізуде ынтымақтастық перспективаларын талқылады. 

Кездесуге Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Т. Құлыбаев, мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Д. Ахметов, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпиондары О. Шишигина және О. Рыпакова қатысты. 

  

Өзгелердің жаңалығы