Мамин кәсіпорын басшыларын жұмысшылардың проблемаларына назар аударуға шақырды

9 Сәуір 2019, 11:32
2201
Бөлісу:
Мамин кәсіпорын басшыларын жұмысшылардың проблемаларына назар аударуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру аясында Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырмасын берді. 

«Елбасының әлеуметтік қамқорлық бастамасы көптеген кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты. Ірі бизнесмендер мұқтаж адамдарды қолдап, қол ұшын беру арқылы әлеуметтік бастамаларын іске асыру аса маңызды. Бизнес идеяларды дамыту, өзінің жеке ісін ашу тәжірибесін көпшіліктің білгені жөн. Көптеген кәсіпкер табысы аз азаматтарды өз кәсіпорындарында жұмысқа орналастырып, бизнес негіздеріне үйрете бастады. Әлеуметтік мәселелер бойынша кәсіпкерлердің идеялары мен ұсыныстары бар. Осыларды бірігіп іске асыруымыз қажет. Әкімдіктерге осындай бастамаларды белсенді қолдауды тапсырамын», - деп айтты Мамин.

Үкімет басшысы кәсіпорындар басшыларын өз жұмыскерлерінің проблемаларына, соның ішінде тұрғын үй мәселесіне назар аударуға шақырды.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбек жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыру, оқыту және қайта дайынау мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Оларды барынша жұмыспен қамту қажет. Бұл жұмысқа «Атамекен» ҰКП атсалысуын сұраймыз. Гүлшара Наушанқызы (Әбдіқалықова – Премьер-министрдің орынбасары), осы мәселені үйлестіруді өзіңізге тапсырамыз. Барлық кәсіпкерлерді осындай әлеуметтік бастамаларды белсенді қолдауға шақырамыз», - деп сөзін түйіндеді Премьер-министр.

Өзгелердің жаңалығы