Мамин Инвестициялық штаб отырысын өткізді

23 Маусым 2021, 21:35
1094
Бөлісу:
Мамин Инвестициялық штаб отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылғы қаңтар-мамырдағы инвестицияларды тарту бойынша атқарылған жұмыстың қорытынды көрсеткіштері қаралды. 

Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады. 

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осы жылдың 5 айында тау-кен өндірісі өнеркәсібін қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 25,5% деңгейінде өскенін айтты. 

Министр биылғы 5 айдың нәтижелері бойынша ҚР экономикасының қалпына келу траекториясына шығуы аясында негізгі капиталға салынған инвестициялар ағынының жоғары қарқыны құрылыс (+132%), өңдеу өнеркәсібі (+82%), ақпарат және байланыс (+55%), ауыл шаруашылығы (+47%), сауда (+49%), жылжымайтын мүлік операциялары (+30%), көлік және қоймалау (+20%) секілді салаларда байқалғанын атап өтті. 

Өңдеу секторының құрылымында химия өнеркәсібіне инвестициялардың өсуі 130 млрд теңгені (+427%), металлургияға 50 млрд теңгені (+41%) және т. б. құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша оң өсім қарқынына 15 өңірде және республикалық маңызы бар қалаларда қол жеткізілді. Көш бастап тұрған өңірлер Түркістан (+39,1%) және Павлодар (+38,5%) облыстары, Алматы (+36,1%), Нұр-Сұлтан (+34,8%) және Шымкент (+25,6%) қалалары, Солтүстік Қазақстан (+24,6%), Жамбыл (+24,3%) және Қарағанды (+21,6%) облыстары болды. Артта қалушылық Батыс Қазақстан (-36,4%) және Атырау (-35%) облыстарында байқалады. 

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов қазіргі таңда «Task Force» $9 млрд астам сомаға 36 жобаны пысықтап жатқанын айтты. Қосымша 15 жоба қарастырылып жатыр. 

Мамин Инвестициялық штаб отырысын өткізді

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов 2021-2025 жылдарға әкімдік АӨК, жаңартылатын энергетика, фармацевтика, мұнай-газ химиясы өнеркәсібі, туризм, білім беру және т. б. салаларда 12 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 10,1 трлн теңге болатын 110 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырғанын баяндады. Биыл өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруға 3,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Осы жылдың 5 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 трлн теңгені құрады. 

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алдағы 5 жылға әкімдік АӨК, көлік, жаңартылатын энергетика, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, денсаулық сақтау, ТМК және т. б. салаларда 889 млрд теңге сомасына 177 жобадан тұратын пул қалыптастырғанын атап өтті. 

Қазіргі уақытта жалпы құны 476 млрд теңге болатын 132 жоба іске асырылуда. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 56 млрд теңге болатын, өңірдің 10 негізгі инвестициялық жобасының 6-ын пайдалануға беру жоспарланған, атап айтсақ – шыны зауыты, ас тұзын өндіру, құс фабрикасы, жоңышқа өсіру, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру, күн электр станциясы (осы жылғы наурыз айында пайдалануға берілді). Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органға, өңірлердің әкімдіктеріне және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жұмысын жүйелі негізде жалғастыруды тапсырды.



Өзгелердің жаңалығы