Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин министрліктер мен әкімдіктерге еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға қатысты тапсырма берді.
Маминнің сөзінше, еңбекті қорғау жүйесі жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне сүйенуі тиіс. Өндірістік кәсіпорындарда халықаралық «Vizion Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын белсенді енгізу қажет.
Әрбір жарақаттану жағдайы Төтенше жағдайлар министрлігінде мұқият талданып, қорытындысы бойынша оларды барынша азайту үшін кешенді шаралар әзірленуі тиіс. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби қатерді бағалау және басқару жүйесін енгізу қажет. Ол үшін барлық құрал мен қажетті ресурс бар, - деп айтты ол.
Премьер-министр қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы қаулы қабылдайтындарын айтты.
Оны іске асыру нәтижесінде жазатайым оқиғалардың жиілігі коэффициентінің азаюы, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылар үлесінің азаюы күтіледі. Қазірдің өзінде Қостанай және Павлодар облыстарында өндірістік жарақаттану деңгейінің азаюы бойынша оң динамика байқалып отыр. Басқа өңірлер осы бағыттағы жұмысты жандандыруы тиіс, тау-кен металлургия кешендері мен құрылыс саласындағы кәсіпорындарда ерекше көңіл бөлу қажет, - дейді Үкімет басшысы.
Премьер-министр қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларын күшейту үшін бірқатар тапсырма берді.
Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, осы жылғы 1 желтоқсанға дейін жұмыс берушілер үшін еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі бойынша өзін-өзі бақылауға арналған онлайн платформа әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға экономикалық ынталандыруды арттыру бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде Үкіметтің қарауына ұсыныстар енгізуді тапсырамын, - деді ол.
Сонымен қатар Мамин Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1 қазанға қауіпті өндірістік объектілерде авариялықты азайту бойынша жол картасын бекітуді тапсырды.
Өңірлердің әкімдіктері өнеркәсіп орындарымен бірлесіп, осы жылғы 1 қыркүйекке дейін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша Жол карталарын бекітсін. Сонымен қатар кәсіпорындармен өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасау бойынша жұмыс жүргізсін, - деп түйіндеді Мамин өз сөзін.Бұған дейін Үкімет басшысы министрлер мен әкімдерге 5 бірдей тапсырма берген еді.