Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-Министр ішкі нарық қамтамасыз етілгеннен кейін өнім түрлері мен таралу географиясын кеңейту арқылы экспорт көлемін ұлғайту маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар ол сақтау және логистика инфрақұрылымын қолжетімді ету қажет екенін айтты. Асқар Маминнің айтуынша, тауардың өзіндік құнында олардың үлесі басым.
Үкімет басшысы әлемдік нарықта азық-түлік тауарларына сұраныстың артқанын ескере отырып, Қазақстанның әлемдік азық-түлік хабтарының бірі болуына мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
А. Мамин инвестициялық жобалардың, әсіресе импортқа тәуелді тауар позициялары бойынша іске асырылу барысын ерекше бақылауды және сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірлесіп, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия төлеу бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.