Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шағын және орта бизнесті дамыту көбінесе жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланысты. Өкінішке орай, бұл бағытта жұмысты тиімді жүргізбейтін өңірлер де бар. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырсында айтты.
Отырыс барысында Үкімет басшысы кәсіпкерлікті дамыту үкіметтің басты бағыттарының бірі екенін және Елбасы шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35% жеткізу межесін қойғанын айтып өтті.
«Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бизнесті дамыту мен тиімді құру құралына айналды. Бағдарламаны іске асыруға осы жылы 71,8 млрд теңге бөлінеді. Бағдарламаны іске асыру барысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Атырау және Қостанай облыстары жақсы көрсеткіштерге жетіп, оң даму қарқынын қамтамасыз етті. Артта қалып қойған өңірлер осы бағытта жұмысты жандандыруы қажет», - деді ол.
Сондай-ақ, ол шағын және орта бизнестің қарапайым заттар экономикасына белсенді қатысу қажеттігін айта келе, бағдарлама бойынша осы бағытқа 600 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.
«Бүгінгі таңда кәсіпкерлер 310,4 млрд теңгеге 350 өтінім берген, олармен жұмыс жүргізілуде, сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен өтінімдер қаралып жатыр», - деді Асқар Мамин.
Сонымен қатар, ол бөлінетін қаражатты игеру қарқынын өсіру керек екенін айта келе, тиісті органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
«Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне, «Атамекен» палатасы мен мемлекеттік органдармен бірге жобалық офистің жұмысын жандандыруды тапсырамын. Ұлттық экономика министрлігі қарапайым заттарды экономика шеңберінде басым жобаларына кепілдік беру механизмін бекіту және айналым капиталының 50%-ға дейінгі мөлшерінде қаржыландыруды көздейтін Үкімет қаулысының жобасын енгізсін. Әкімдіктер бағдарлама талаптарына сай жаңа жобаларды тарту бойынша қажетті ақпараттық жұмысты күшейту керек», - деді Үкімет басшысы.
Асқар Мамин сондай-ақ, әкімдіктер осы бағдарламаның дамуына серпін беру үшін шағын және орта бизнес жобаларына субсидия мен кепілдік беруге қосымша қаражат бөлу мәселелерін қарастыру керектігін айтты.
«Осы тұрғыда үлгі аларлық өңірлік әкімдіктер де бар. Мәселен, Шымкент қаласы субсидиялауға 600 млн теңге, жобаларға кепілдік беруге 250 млн теңге бөлген, Атырау облысының әкімдігі 600 млн теңге бөлді», - деді ол.
Үкімет басшысы сөз соңында «Атамкен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес мектептердің тиімділігін арттырып, өз бизнесін ашқан адамдар санын өсіру қажеттігін жеткізді.
«Елбасы өз Жолдауында Үкіметке қысқа мерзімде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартып, келесі кезеңін бекітуді тапсырды. Жоғарыда айтылған тапсырмалар бойынша нақты шаралар ұйымдастыру қажет», - деді Асқар Мамин.