Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Аcқар Мамин «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту мәселелері туралы кеңес өткізді, деп хабарлады ҚР Премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Кеңес барысында қаржы нарығын дамыту және еліміздің биржа нарығы инфрақұрылымы, қаржы орталығының жұмысы реттейтін заңнаманы жетілдіру мәселелері қаралды.
АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов қаржы орталығы жалпы қолданыстағы 42 актіні (еск. – ағылшындық құқық негізінде), сондай-ақ құқықтық базаның ашықтығы мен «жинақылығын» қамтамасыз ететін қаржы қызметтерін реттеу бойынша 27 актіні қабылданғанын хабарлады. Сонымен қатар, соттағы, сотқа дейінгі даулардың шешілу тиімділігі мен жылдамдығын арттыру мақсатында а.ж. ақпан айында АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы eJustice сот төрелігі жүйесін ресми түрде іске қосты, бұл жүйе Нұр-Сұлтан қаласында нақты болмай-ақ әлемнің кез келген түкпірінен электронды форматта талапарыз беруге мүмкіндік тудырады. Бүгінгі таңда АХҚО-ында 150 қатысушы тіркелген, жыл соңына дейін бұл санды 250-ге жеткізу жоспарланған.
Талқылауға сонымен қатар Премьер-Министрдің Бірінші Орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, әділет министрі М. Бекетаев, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М. Тілеуберді, ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары А. Жұмабеков, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б. Қамалиев, сонымен қатар Ұлттық банк төрағасының орынбасары Е. Біртанов қатысты.
Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин аймақтық қаржы орталығына айналуы тиіс АХҚО-ны одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Біздің басымдығымыз – АХҚО-ны дамыту. Мемлекет оның дамуы және табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдайларды жасап жатыр», – деді А. Мамин.
Кеңесте шетелдік инвестициялардың ағымын арттыру, жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашу, қаржы саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.