Мамин бір айда нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молайтуды тапсырды

6 Қазан 2020, 10:39
1265
Бөлісу:
Мамин бір айда нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молайтуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысы барысында ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шараларының арқасында биылғы 8 айда тамақ өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға инвестициялар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артып, 54,7 млрд теңгені құрағанын айтты.

Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың барлық қажетті шаралары көрсетілуде, субсидиялар беріліп жатыр, жеңілдікпен кредит беру және салықтық преференциялар көзделген. Осы қолдау шараларының арқасында биылғы 8 айда тамақ өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға инвестициялар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артып, 54,7 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 5 трлн теңгеден астам инвестиция тартып, 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл азық-түлік тауарларының басым түрлері бойынша 7 экожүйені (ет, балық, жеміс және көкөніс, қант, дәнді дақыл, майлы өнімдер, сүт өнімдері) қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді ол.

Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір ай ішінде нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молайту жөніндегі кешенді жоспар қабылдауды тапсырды.

Жобаларды ойдағыдай іске асыру үшін, ең алдымен, Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, ішкі нарықта жетіспейтін өнімдер өндірісін ынталандыру жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мәселелерін пысықтап, бұл ретте балық шаруашылығы саласын дамыту жоспарларын ескеруі керек. Өңірлердің әкімдері осы жобалардың іске асырылуын жеке бақылауға алсын және қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ шикізаттан бастап экспортқа дейін барлық мәселелерді инвесторлармен пысықтасын. Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, өндірісті кеңейту жөніндегі межеленген жоспарларды ескере отырып, қажетті логистиканы қамтамасыз ету әрі ішкі және сыртқы нарықта отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді ілгерілету жөніндегі шараларды қабылдасын, - деді Мамин.

Өзгелердің жаңалығы