Мамин Аймағамбетов пен әкімдерге тапсырма берді

11 Наурыз 2021, 11:10
3752
Бөлісу:
Мамин Аймағамбетов пен әкімдерге тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин білім беру саласын дамыту мәселелері бойынша Білім министрі мен облыс әкімдеріне тапсырма берді. 

Білім және ғылым министрлігі 2021 жылғы желтоқсанға дейін мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың ваучерлі механизмін енгізу бойынша пилоттық жобаны аяқтасын және 2022 жылдан бастап оны жаппай енгізуді қамтамасыз етсін. Бұл ретте балабақшалардың жұмысы ата-аналардың қанағаттану деңгейін, балалардың даму көрсеткіштерін, тамақтану сапасын, қоғамның бағасын ескере отырып бағалануы керек, - деді Үкімет басшысы.

Ол Білім және ғылым министрлігіне осы жылғы 1 сәуірге дейін балабақшалар жұмысы сапасының әлемдік тәжірибеде қабылданған  көрсеткіштерін бекітуді және енгізуді тапсырды.

Әкімдіктер 2021 жылы жеке балабақшалар желісін дамыту арқылы 32 мың орынға дейін ашу бойынша жұмыс жүргізсін. Облыстардың әкімдері 2021 жылы 200 мектептің уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етсін, - деп Асқар Мамин әкімдіктерге тапсырма берді.

Ол үшін инвесторларды белсенді тарту керектігін айтты. Мысалы,  Нұр-Сұлтанда 6 мектепті бірден салу үшін ірі инвестор тартылды. 

Сонымен қатар, премьер-министр атап өткендей, өңірлер әкімдері қалалық және ауылдық мектептерде оқыту жағдайларының бір деңгейде болуын және ауылдық жерлерде жоғары білікті мұғалімдерді ұстап қалу бойынша нақты шаралар қабылдауы керек.

Білім және ғылым министрлігі, облыстардың әкімдері 25 наурызға дейін 5 мың ауылдық мектепті жаңарту жөніндегі жол картасын енгізуді тапсырамын, онда ауылдық мектепті оқу және тиісті техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, жөндеу, қауіпсіз орта, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен мектеп асханаларын жаңарту бойынша нақты индикаторларды белгілеу қажет. Сондай-ақ, жастар бірінші мамандығын тегін алуы үшін осы жылы колледждерде кадр дайындау мемлекеттік тапсырысты 20 мың орынға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету керек, - деді ол Үкіметте.

Сондай-ақ, облыстардың әкімдері 9 және 11 сынып оқушыларын алдын ала кәсіби бағдарлау бойынша жұмыс жүргізулері тиіс.

Білім және ғылым министрлігі 20 ең мықты жоғары оқу орнын іріктеп, 25 наурызға дейін олардың тізімін Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі кеңесте қарау үшін Үкіметке енгізсін, - деп Мамин тапсырма берді.
Өзгелердің жаңалығы