Мамандық таңдауға көмектесеміз: «Болашақ» жаңа жобаны қолға алды

30 Қаңтар 2023, 15:37
996
Бөлісу:
Мамандық таңдауға көмектесеміз: «Болашақ» жаңа жобаны қолға алды

Бұл туралы «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы тың жобаны қолға алған. 

Бүгін біз ресми түрде «Болашақ» қауымдастығының атынан жаңа жобаны бастағалы отырмыз. Айта кетер болсақ, бұл жобаның атауы – «Болашаққа сеніммен». Мектепті енді бітірген түлектерге өзінің кәсіби жолындағы нақты бағытын таңдауға, білуге арналған нақты жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болу керектігін айтты. Сондықтан біз 2022 жылы қырықтан астам мектепке барып, пилоттық жобаларды іске асыруды қолға алдық, - деп атап өтті қауымдастық кеңесінің мүшесі. 

Сондай-ақ ол қанша оқушының қамтылғанына тоқталды.

Үш мыңнан астам түлекті қамтыдық. Мақсатымыз – оларға нарықтың қазір қай деңгейде екендігін, мамандық таңдауда нені ескеру керектігін түсіндіріп, жоғары сынып оқушылары мен түлектерге болашақ мамандықты таңдауға көмектесу үшін алаң құру. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы менторларының бүгінгі таңда қандай салалар өзекті екендігі туралы пайдалы ақпаратпен бөлісу. Жобаның пайда болу идеясына келсек. Зерттеу деректері бойынша еңбекке қабілетті халықтың 60 пайызы – мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мектеп оқушыларының 87 пайызы ата-ана мен мектеп мұғалімдерінің ықпалымен мамандық таңдайды. Бұл ретте ата-аналардың 75 пайызы балаларының қандай мамандық таңдағысы келетіні туралы түсініктері жоқ екенін мойындайды, - деді Мұхтар Манкеев. 

Бұл ретте оқушылар мен олардың ата-аналарының 90 пайызы нарықта қандай мамандықтың сұранысқа ие екендігін білмейтін болып шықты. 

Өзгелердің жаңалығы