Мамандық таңдауда ата-ананың қалауы маңызды ма, әлде баланың қабілеті ме?

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 11 Тамыз 2026, 07:30
11 Тамыз 2026, 07:30
78
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мамандық таңдау – жасөспірімнің болашағына әсер ететін маңызды шешімдердің бірі. Алайда 16-17 жаста нақты бір кәсіпті таңдау оңай емес. Бұл кезеңде баланың қызығушылығы мен көзқарасы өзгеріп отыруы мүмкін. Сонда мамандық таңдауда неге басымдық берген дұрыс? Ата-ананың кеңесіне ме, баланың қалауына ма, әлде еңбек нарығындағы сұранысқа ма? Осы және өзге де сұрақтарға профориентолог Омарбек Көшкінбайұлы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

– Қазір жастар мамандық таңдағанда көбіне неге сүйенеді? Өз қалауына ма, әлде сыртқы факторларға ма?

– Жастарға сыртқы ортаның әсері өте жоғары. Ата-ананың қалауы, достарының пікірі, қоғамдағы белгілі бір мамандықтың беделі, грант саны – мұның бәрі шешімге ықпал етеді.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының зерттеуіне сүйенсек, жастардың шамамен 87-90 пайызы мамандық таңдағанда сыртқы факторлардың ықпалына түседі. Қоғамға қарайды, грантқа қарайды, досына немесе ата-анасына ереді. Кейде бала өзінің қабілетін толық танымағандықтан, біреуге еліктеп мамандық таңдайды.

Сондықтан біз ең алдымен баланың өз қалауына мән беруді ұсынамыз. Өз таңдауына сенген бала кейін бағытын өзгерткен күннің өзінде, бойындағы негізгі қабілетін жоғалтпайды.

– Бірақ 16-17 жаста баланың қызығушылығы жиі өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдайда мамандықты қалай таңдаған дұрыс?

– Бұл жаста қызығушылықтың өзгеруі – қалыпты жағдай. Бүгін бір нәрсеге қызығып, ертең басқа бағытты ұнатуы мүмкін. Сондықтан бір сәттік қызығушылыққа ғана сүйеніп шешім қабылдамаған жөн.

Балаға әртүрлі бағытты байқап көруге мүмкіндік беру керек. Спорт, өнер, би, ән, шығармашылық немесе техникалық бағыт болсын – әрқайсысы баланың бойындағы қабілетті тануға көмектеседі.

Ең бастысы, оның «маған ұнайды» немесе «маған ұнамайды» деген пікірін елемеуге болмайды. Өйткені бала біртіндеп өзіне не қажет екенін түсіне бастайды.

– Қазір қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

– Қазір жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар өте жылдам дамып жатыр. Цифрландыру да күн сайын күшейіп келеді. Сондықтан осы бағыттағы мамандарға сұраныс бар.

Сонымен бірге қоғамға үнемі қажет болатын мамандықтар сақталады. Мысалы, медицина мен білім беру саласы. Туризмге де сұраныс бар. Журналистика, адамдармен және қоғаммен тікелей жұмыс істейтін көптеген бағыт та қажет.

Бірақ белгілі бір мамандыққа сұраныс жоғары екен деп, барлығы сол бағытқа баруы керек деген түсінік болмауы қажет. Ең маңыздысы – мамандық адамның қабілеті мен қалауына сәйкес келуі.

– Жасанды интеллектінің дамуына байланысты кей жастар «болашақта менің мамандығым қажет болмай қалмай ма?» деп алаңдайды. Бұл қауіп қаншалықты орынды?

– Жасанды интеллект – бізге дұшпан емес. Оны өз саласында тез меңгерген маман мақсатына да жылдамырақ жете алады.

Сондықтан жастар технологиядан қорықпай, оны өз жұмысын жеңілдететін құрал ретінде пайдалануды үйренуі керек. Алдағы уақытта бір ғана кәсіпті меңгеріп қою жеткіліксіз болуы мүмкін. Адам өз саласын жақсы білумен қатар, жаңа технологияларды да игеруі қажет.

– Қазіргі жастардың бірнеше ай жұмыс істеп, кейін басқа салаға ауысуы жиі кездеседі. Мамандықты жиі ауыстыру дұрыс па?

– Мұны бірден қателік деп бағалауға болмайды. Адам өзін іздеу барысында бірнеше бағытты байқап көруі мүмкін. Кейде басқа салаға ауысу арқылы өзіне не ұнайтынын, қай бағытта қабілеті бар екенін түсінеді.

Бірақ әр жұмысты аз уақыттан кейін тастай беру де адамның нақты мақсаты мен бағыты әлі қалыптаспағанын көрсетуі мүмкін. Сондықтан басқа салаға ауыспас бұрын «Мен неге бұл жұмыстан кеткім келеді?», «Маған қандай жұмыс сәйкес келеді?» деген сұрақтарға жауап берген дұрыс.

– Мамандық таңдауда ата-ананың пікірі қаншалықты маңызды?

– Ата-ананың ықпалы өте үлкен. Кейбір ата-ана баласының қызығушылығынан бұрын мамандықтың табысына немесе қоғамдағы беделіне қарайды. «Дәрігер бол», «мұғалім бол», «мына салада жұмыс тұрақты» деп бағыт беруі мүмкін.

Әрине, ата-ананың өмірлік тәжірибесі бар. Оның кеңесі қажет. Бірақ баланың орнына шешім қабылдамаған дұрыс.

Егер ата-ана баласының қалауы мен қабілетін анықтамаса, оның шамшырағын жаға алмаса, бала сыртқы әсерге еріп кетуі мүмкін. Қазіргі ата-ана заман талабын түсініп, баласының қабілетін қоғамдағы сұраныспен қатар қарауы керек.

– Сіз «оянған ата-ана» деген ұғымды қолданасыз. Ол қандай ата-ана?

– Мен ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін бірнеше кезеңге бөліп қараймын.

Баланың туғаннан бес жасқа дейінгі кезеңінде оған мейірім мен көңіл бөлу маңызды.

Бастауыш сыныпта ата-ана баласын әртүрлі үйірмеге апарып, түрлі бағытты байқап көруіне мүмкіндік бергені дұрыс. Спорт, өнер, би, ән және басқа да салалар арқылы оның неге бейім екенін байқауға болады.

Ал 6-8-сыныпқа келгенде бала «маған мынау ұнайды, мынау ұнамайды» деп өз пікірін нақтырақ айта бастайды. Осы кезде ата-ана оның пікірін тыңдап, қызығушылығын дамытуға жағдай жасауы керек.

«Оянған ата-ана» дегеніміз – баласының бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, оның шамшырағын жаға алатын, дұрыс бағыт көрсете білетін ата-ана.

– «Балам ештеңеге қызықпайды, телефоннан шықпайды» дейтін ата-аналар көп. Олар не істеуі керек?

– Ең алдымен асықпау керек. «Біздің кезімізде бұлай болған жоқ», «Мен сенің жасыңда…» деген сөздер қазіргі балаға бұрынғыдай әсер етпейді.

Оның орнына баланы жігерлендіріп, жаңа нәрселерді біртіндеп байқап көруге мүмкіндік берген дұрыс. Бірден үлкен мақсат қоймау керек. Шағын қадамнан бастаған тиімді.

Бала өзіне ыңғайлы деңгейден бастап, кішкентай болса да нәтижеге қол жеткізсе, өзіне деген сенімі артады. Соның нәтижесінде жаңа дүниелерге қызығушылығы да оянуы мүмкін.

– Көп ата-ана «болашақта жақсы ақша табатын мамандық таңда» дейді. Жалақыға қарап мамандық таңдау қаншалықты дұрыс?

– Тек ақшаға қарап мамандық таңдау дұрыс емес деп есептеймін. Мамандық таңдағанда төрт негізгі нәрсені ескеру қажет: баланың қалауы, қабілеті, қоғамға қажеттілігі және болашақтағы мүмкіндігі.

Мамандықты жүрек қалауымен таңдаған дұрыс. Тек ақшаға қарап таңдалған кәсіп адамға ұзақ уақыт қанағат әкелмеуі мүмкін. Ал адам өзіне ұнайтын әрі қолынан келетін жұмысты таңдаса, сол саланың мықты маманы болуға ұмтылады. Кәсіби деңгейі өскен сайын табыс табу мүмкіндігі де артады.

– Сонда ата-ана баласына мамандық таңдауда қалай көмектесуі керек?

– Ата-ана баланың орнына мамандық таңдап бермеуі керек. Оның міндеті – баланың қабілетін байқау, қызығушылығын дамыту және түрлі бағытты байқап көруіне мүмкіндік жасау.

Бала нені жақсы көреді? Қай істі жақсы орындайды? Қандай ортада өзін еркін сезінеді? Қоғамға қандай мамандар қажет? Осы сұрақтарды бірге талқылаған жөн.

Ең дұрыс шешім – баланың қалауы мен қабілетін еңбек нарығындағы сұраныспен ұштастыру. Сонда мамандық таңдау кездейсоқ шешім емес, саналы таңдау болады.

                                                                                                                                                                                                                            Аружан Базарбай

Наверх