Мамандығы мұғалім емес ұстаздар қайта даярлаудан өтеді – Аймағамбетов

1 Ақпан 2022, 10:26
13196
Бөлісу:
Мамандығы мұғалім емес ұстаздар қайта даярлаудан өтеді – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Болашақ педагогтарды дайындау сапасын арттыру үшін, салалық біліктілік шеңберін және «Педагог» кәсіби стандартын бүгінгі заман талаптарына сай өзгертеміз. Пән мұғалімдерінің тапшылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігін қолданамыз. Мысалы, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылады, - деп айтты Аймағамбетов.

Министр атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізіледі. Тиісті заң жобасы Парламентте қарастырылып жатыр. Педагогтердің курстарының мазмұны да айтарлықтай өзгереді.

Педагогтарды жұмысқа қабылдау, аттестаттау процестерін автоматтандыру жоспарлануда, EduKyzmet бірыңғай ақпараттық жүйесінде мұғалімнің жеке кабинеті, портфолиосы ашық түрде жиналады, бұл жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін өте маңызды. Сондай-ақ басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану үшін директорларды ротациялау  рәсімі биылғы жылдан бастап толығымен жүзеге асырылады, - дейді ол.

Сонымен бірге Аймағамбетовтың сөзінше, мұғалімдерге ең көп қажеттілік және білім беру сапасында үлкен алшақтық байқалатын өңірлер бар.  Олар – Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Алматы облыстары. Президенттің тапсырмасына сәйкес үздік педагогтерді тартудың арнайы бағдарламасы әзірленеді. Жыл сайын арнайы іріктеу арқылы осы өңірлерге ең үздік мұғалімдер тартылады. 

Өзгелердің жаңалығы