Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы шыбын-шіркеймен күрес шараларына жауапты мекеме мамандары жұмысқа кірісуге дайын. Қазіргі уақытта ғылыми топ қажетті құралдармен қамтылған.
Облыстық жер қойнауып пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, табиғат қорғау мақсатында Ертіс өзенінің 270 гектарына, яғни, 80%-ына су босатылады. Бұл қансорғыш жәндіктердің көптеп таралуына қолайлы жағдай туғызады.
«Қазгидромет» мекемесінің алдын ала болжамы бойынша көктем ерте келеді. Нақтырақ айтқанда, үстіміздегі жылы наурыз айының екінші жартысында күн жылына түседі. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссияға ұсыныстарымызды жолдадық. Біріншіден, су босату жұмыстарын сең қозғалған соң сәуірдің басында бастау. Екіншіден, 5 текше шақырым су мөлшерінде және ұзақтығы 20 күннен аспайтын ағызуды жүзеге асыру. Суды көлемі облыста мал азығын әзірлеуге жеткілікті, - дейді Айгерім Қабылтаева.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, жыл сайын шөп шабылатын алқаптар 195 мың гектарды құрайды. Десе де, гидрологиялық болжам бойынша өзгерістер болуы мүмкін.
Мамандар шыбын-шіркейлерді улау жұмыстарын сәуірдің соғында бастауды жөн санайды. 27 мың гектардан астам аумақ немесе жайылымдық жерлердің 21 учаскесі әуеден өңделеді деп жоспарлануда. Жәндіктердің ұшуына қолайлы ауа райы орнаса, дезинсекциялық шаралар 10 күн бойы жүргізіледі.
Кейін барьерлік және өзенде улау басталады. Басты мақсат - жәндіктердің көбеюіне жол бермеу. Егер су босату кешіктірілсе, қансорғыштар жаппай қанатқа тұрады. Осындай жағдай орын алса, улау әдістері қатар жүргізіледі. Ал сәуірдің соңында Павлодар қаласының аумағындағы жауын-шашын немесе жерасты суларының көтерілуінен пайда болған уақытша су тоғандарын өңдеу шараларын бастау қажет, - дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы Ертістің 1300-ден астам шақырымы арнайы препараттармен өңделді. Шыбын-шіркей тіршілік ететін өзге де учаскелерде тиісті жұмыстар жүргізілгенмен, қансорғыштар халықтың мазасын алды. Мамандар екі себебін атап өтуде. Біріншіден, су босату жұмыстарының кешеуілдеуі. Былтыр шаралар 11 күнге кеш басталған. Ауа температурасының күрт көтерілуі де кері әсірен тигізді. Жағдай қайталанбас үшін энтамологиялық зерттеу жұмыстары күшейтіліп, өзенге жақын аумақтарды биологиялық препараттармен өңдеу жоспарланған. Облыс орталығындағы 45 саябақ, екі су қоймасы мен саяжайлардың аумақтары да өңделмек.