Мамандар: Инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы – екпе алу

3 Шілде 2021, 13:15
2278
Бөлісу:
Мамандар: Инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы – екпе алу
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде эпидемиологиялық жағдай күрт өзгерді. Өңірде алдын ала болжам бойынша коронавирустық инфекцияның үнділік штамы анықталды.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиевтің айтуынша, дерттен қорғанудың жалғыз жолы – вакцина алу.

Соңғы тәулікте облыста инфекция жұқтырудың 65 жағдайы тіркелді. Алдағы апталарға қарағанда өсім байқалады. Облыс ішінде жасыл аймаққа Павлодар, Екібастұз қалалары, Ақтоғай, Павлодар, Баянауыл, Шарбақты, Аққулы, Ертіс аудандары енген. Ал Успен, Тереңкөл аудандары мен Ақсу қаласы сары аймақта. Эпидахуал тұрақталмай жатыр. Сондықтан облыс тұрғындарын міндетті түрде екпе алуға шақырамыз. Сонымен қатар санитарлық ережелерді сақтаудың маңыздылығын ескертеміз, - дейді Батырбек Әлиев.
Жағдайдың тұрақталмауына орай шекара бекеттеріндегі бақылау күшейді. Соңғы тәулікте инфекция жұқтырудың бес дерегі анықталған. Барлығы - ауру белгілері жоқ фактілер.

Айта кетейік, Павлодар облысында үнділік дельта штамның алғашқы 10 дерегі тіркелді.

Маусым айының соңында 14 ПТР сараптамасын зерттеуге жібердік. Нәтижесінде 10 сараптама алдын ала болжам бойынша дельта штамм болуы мүмкін деген байламға келдік. Алдағы уақытта ДНҚ үлгісінің геномды зерттеуі жүргізіледі. Нақты нәтиже сонда белгілі болмақ. Әр жағдай бойынша эпидемиологиялық тексеріс жүргізіліп, мәліметтер жинақталады. Коронавирустың дельта штамы өте жұқпалы, бір адам орташа есеппен 5-6 тұрғынға ауру жұқтыруы мүмкін, - дейді Батырбек Әлиев.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста соңғы аптада 342 ауру жұқтыру дерегі тіркелді. Ал оның алдыңғы аптасындағы көрсеткіш - 288. Соңғы тәулікте 4 мыңнан астам павлодарлық екпе салдыртқан. Вакцина салу орындары демалыс күндері үзіліссіз жұмыс істейді.
Өзгелердің жаңалығы