Маман шаршаңқылықтың медициналық себептерін айтты

14 Сәуір 2022, 11:49
2869
Бөлісу:
Маман шаршаңқылықтың медициналық себептерін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шаршаңқылық, ұйқының қанбауы, энергияның күні бойына жетпеуі сияқты белгілер неден болуы мүмкін және мұндай жағдайда не істеуге болатынын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының сарапшысынан сұрап білдік.  

Оның айтуынша, шаршау, әлсіздік, энергия жетіспеушілігі сияқты белглерді өзіңізден жиі байқайтын болсаңыз, оның медициналық себебі болуы әбден мүмкін. Оны анықтау және емдеу көңіл күйіңіз бен денсаулығыңыздың жақсарып, күш-қуатыңыз бен ерік-жігеріңіздің артуына әкеле алады. 

Әлсіздік пен қатты шаршау, адамның әл-ауқатының қалыпты жағдайдан төмендеуі жасырын түрдегі қалқанша безі гормондарының жетіспеушілігінен болуы мүмкін. Сондай-ақ анемия кезінде, гемопоэтикалық жүйенің аурулары мен тамыр патологияларында осы белгілер кездеседі. Қатты шаршау мен бас айналу қант диабетін, жүрек-қан тамырлары ауруларын, өкпе аурулары, жоғары жүйке қызметінің бұзылуын да көрсетуі мүмкін, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының Медициналық көмек көрсету сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді бақылау бөлімінің бас сарапшысы Зәуре Харашаева.

Маман аталған белгілердің көп ауруларда болатынын айтады. Маңыздысы – оларды жай шаршаумен шатастырып, асқындырып алмау. Ол үшін Зәуре Сапаққызы медициналық сақтандырудың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады.  

Ауруды шаршаумен шатастырмаудың жалғыз жолы – өзіңіз тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге қаралу. Ол сіздің анамнезіңізді толық жинап, қарап, белгілі тексерулерге жібереді. Оған жалпы қан талдауын, жалпы зәр талдауын, биохимиялық қан талдауын (глюкоза, креатинин, белок, холестерин), гормондарды тексеруді, өкпе флюорографиясын, қалқанша безінің ультрадыбысты зерттеуін жатқыза аламыз. Яғни учаскелік дәрігердің тағайындауы бойынша талдаулардан медициналық сақтандырудың аясында тегін өтуге мүмкіндік бар , – дейді ол.

Егер тексерулердің нәтижесі бойынша белгілі бір ауру анықталынатын болса, учаскелік дәрігер ары қарай профильді маманға жібереді. Ол эндокринолог, кардиолог, пульмонолог, гематолог болуы мүмкін.

Зәуре Харашаева негізгі талдаулар бағдарламасынан өту аурудың нақты себебін уақытында табуға, әл-ауқат пен өмір сапасын жақсартуға көмектесетінін айтады.  

 

Өзгелердің жаңалығы