Көп жағдайда төрт түліктің ұрлануы мал иелерінің бейқамдығынан болып жатады екен. Осыған орай полицейлер тұрғындарға бірқатар кеңестер берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер министрлігі осы тақырыпта арнайы брифинг өткізді. Министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, 2024 жылы республика бойынша 1026 мал ұрлығы болған. Бұл былтыр тіркелген жалпы ұрлықтың 3%-ын құрайды.
Аталған фактілердің жартысынан көбі еркін жайылымда жасалған (1026-дан 752-сі). Полиция 89 қылмыстық топты құрықтады. Олардың құрамында 572 мал ұрысы болған. Ұрланған малдың 4,5 мыңнан астамы табылып, заңды иелеріне қайтарылды.
Жалпы, қабылданған кешенді шаралардың арқасында соңғы 5 жылда мал ұрлығы 64%-ға азайды. Қылмыстың осы түрімен күресті күшейту мақсатында Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Осындай қадамдардың бірі ретінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін қабылдауды атап өтуге болады, - дейді ресми өкіл.
Ережеге сәйкес жануарларды бақылаусыз жаюға тыйым салынған. Жайылым ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік белгіленген. 2024 жылы 38,5 мыңнан астам осындай бұзушылықтар анықталды.
Одан бөлек мал ұрлығы үшін қылмыстық кодексте жеке бап енгізілген. Ол бойынша қатаң жаза – мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Сондай-ақ қайта жасалған ұрлық және үй-жайға кіріп жасалған қылмыс үшін жаза қатаңдатылып, мұндай қылмыстар ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды. Бұл жәбірленушілермен татуласу арқылы ұрылардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермейді.
Осы бағытта ІІМ Ауыл шаруашылығы министрлігімен белсенді жұмыс жүргізеді. "ІІМ мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау қызметінің мал ұрлығына қарсы өзара іс-қимылы" деп аталатын бірлескен бұйрық әзірленген. Алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – жедел-профилактикалық іс-шараларын тұрақты негізде жүргізу. Оларға полицейлер, ветеринарлық бақылау қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады, - дейді Шыңғыс Алекешев.
2025 жылдың басынан бастап, яғни қаңтар айында елімізде 69 мал ұрлығы тіркелді. 53 күдікті ұсталды. 10 қылмыстық топ әшкереленді. Ұрланған 450 малдың 134-і иелеріне қайтарылды.
Малды қылмыстық қол сұғушылықтан, яғни ұрлықтан қорғау үшін ІІМ қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады:
- малды қараусыз қалдырмаңыз;
- GPS-трекерлерін орнату арқылы бақылаудың заманауи әдістерін қолдаңыз;
- малға ен салып, таңбалауды және чиптеуді ұмытпаңыз.