1 тамыздан бастап Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Санақта 21 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнын, сондай-ақ 279 мыңға жуық шаруа және фермер қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлерді қамту жоспарланып отыр.
Sanaq.gov.kz сайтында сауалнамадан өту мүмкіндігі 1 тамыз күні сағат 00:00-де іске қосылады – яғни бүгін түнде. Сауалдарға жауап беру үшін ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы авторизациядан өту қажет. Бұл ретте, барлық респондентті мұқияттылық танытуды сұраймыз. Тіркелу кезінде растау коды көрсетілген электрондық поштаға немесе телефонға бірден жіберіледі. Бюро қызметкерлері қоңырау шалмайды және ешқашан төрт таңбалы растау кодын сұратпайды, - деді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шәуенова.
Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы болады: біреуі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған, екіншісі – бақша, жер телімі немесе малы бар үй шаруашылықтары үшін. Сауалдар жерді пайдалану, қолда бар техника, мал ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен өткізу, еңбек жағдайларына қатысты болады.
Сайтта сауалнаманы толтыруға көмектесетін көмекші ақпарат, бейненұсқаулық болады. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істеп, сұрақтарға жедел жауап беретін SANAQ мырза чат-боты бар. Онлайн санақтың басты артықшылықтарының бірі – деректерді сақтау мүмкіндігі. Егер сауалнаманы толтыра бастап, аяқтай алмасаңыз, кез келген уақытта қайта кіріп, қалған жерінен жалғастыруға болады, - деді Шәуенова.
Санаққа қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Егер ауылда компьютер немесе интернет болмаса, респонденттер аудандық әкімдіктер мен статистика бөлімдеріндегі өзін-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады. Қазақстан бойынша осындай 2 684 орын қамтамасыз етілген. Бұл пункттерде санақтан өтуге арналған қажетті техника болады. Сауалнамаларда көрсетілген барлық ақпарат қатаң құпия сақталады. Ол салық, полиция немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.
Барлық мәліметтер тек жиынтық түрде, ауыл шаруашылығы саласын талдау үшін пайдаланылады. Әрбір интервьюер құпиялылықты сақтауға міндеттеледі, ал деректерді сақтау жүйелері ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келеді, - деді бюро басшысының орынбасары.
Тамыз айы бойы 1446 бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Онда ауыл шаруашылығы санағы бойынша арнайы желі қарастырылған. Мамандар тіркеуден өту, техникалық ақаулар немесе сұрақтардың мазмұны бойынша кез келген сауалға жауап береді.
Бұған дейін 1 тамыздан Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталатынын және оның не үшін керек екенін түсіндірдік.