Бірыңғай ұлттық тестілеу сертификаты Малайзияда ресми түрде танылды. Елдің Жоғары білім министрлігі ҰБТ-ны жергілікті университеттердің бакалавриат бағдарламаларына қабылдау кезінде ескерілетін құжаттар тізіміне енгізді.
Енді қазақстандық түлектер Малайзияның бірқатар жоғары оқу орындарына Foundation даярлық бағдарламасынан өтпей-ақ түсе алады. Алайда ағылшын тілінде оқытылатын мамандықтарға түсу үшін талапкерлер IELTS, TOEFL немесе соған ұқсас сертификаттар арқылы ағылшын тілін меңгеру деңгейін растауы қажет.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, Малайзиядағы әр университет ҰБТ бойынша ең төменгі өту балын және қабылдаудың қосымша талаптарын өз бетінше белгілейді.
Білім беру бағдарламасына қарай университеттер ішкі емтихан өткізуі, сұхбаттасу ұйымдастыруы, портфолионы қарастыруы немесе дайындық курстарын тағайындауы мүмкін. Сондықтан талапкерлерге нақты университеттің талаптарын алдын ала нақтылап алған жөн, – делінген хабарламада.
Орталықта ҰБТ-ның халықаралық деңгейде танылуы қазақстандық білім бағалау жүйесінің заманауи академиялық стандарттарға сай келетінін көрсетіп, отандық түлектердің шетелде білім алу мүмкіндігін кеңейтетінін атап өтті.
Қазіргі таңда ҰБТ нәтижелері Қазақстан университеттерімен қатар, Азиядағы бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарында да ескеріледі.
Сонымен қатар Қазақстанда ETS ұйымымен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test (AIT) қабылдау емтиханын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
«Жаңа емтихан халықаралық тестілеу тәсілдеріне сәйкес талапкерлердің академиялық және аналитикалық қабілеттерін бағалауға бағытталады», – деп қосты Ұлттық тестілеу орталығында.
Алдағы уақытта әзірлеушілер AIT емтиханы да шетелдік университеттер мен білім беру ұйымдары тарапынан халықаралық деңгейде мойындалады деп үміттенеді.