Мал чиптеу, жер, Сталин және бизнес: партиялар дебатта бір-біріне өткір сұрақ қойды

Әр партия бір саяси қарсыласын таңдап, оған сұрақ қойды. Жауапқа 2 минут, ал сұрақ қойған тарапқа пікір білдіру үшін 30 секунд берілді.

 Kazinform 12 Тамыз 2026, 21:59
12 Тамыз 2026, 21:59
107
Фото: Kazinform

Jibek Joly телеарнасында Құрылтай сайлауына қатысатын жеті партия өкілдерінің теледебатының үшінші кезеңі өтті. Бұл жолы партиялар бір-біріне тікелей сұрақ қойды. Дебаттың тақырыбы – «Заң және тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі».

Әр партия бір саяси қарсыласын таңдап, оған сұрақ қойды. Жауапқа 2 минут, ал сұрақ қойған тарапқа пікір білдіру үшін 30 секунд берілді.

«Ақ жол» – «Ауылға» мал ұрлығымен күресу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын чиптеу ұсынысына қатысты сұрақ қойды. Партия өкілдері бұл ауыл тұрғындарына қосымша қаржылық және бюрократиялық салмақ түсірмей ме деген мәселе көтерді.

ОСДП – Respublica-ға жердің ірі меншік иелерінің қолына шоғырлануы туралы сұрақ қойды. Социал-демократтар жеке меншікті қорғау бастамасы ірі жер иеленушілердің мүддесіне қызмет етпей ме деген мәселені көтерді.

«Әділет» – ОСДП-дан полиция реформасы, қылмыстың алдын алу және ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді шешу жоспарын сұрады.

Қазақстан Халық партиясы – «Әділетке» заң мен тәртіпті күшейту мен адам құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдік туралы сауал қойды.

«Ауыл» – «Байтақтан» қазіргі күрделі экономикалық жағдайда экология мен экономиканың қайсысына басымдық берілетінін сұрады.

«Байтақ» – Қазақстан Халық партиясына оның қазіргі идеологиялық бағыты туралы сұрақ қойып, Сталин мен Голощекиннің қызметіне құқықтық баға беруді талап етті.

Ал Respublica – «Ақ жолды» кәсіпкерлерді қорғау мәселесінде сынады. Respublica өкілдері «Ақ жол» шағын және орта бизнеске салынатын айыппұлдарды 8–11 есе арттыруды қолдады деп, бұл шешім кәсіпкерлерге 22 млрд теңге шығын келтіргенін айтты.

Наверх