Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Максим Рожин мәлім етті.
Бүгінде елімізде мемлекет тарапынан кез келген этносқа өзінің тілін, өзінің мәдениетін білуге барлық жағдай жасалған. Оның бір дәлелі, елімізде орыс, өзбек, ағылшын, неміс тілінде жұмыс істейтін орта мектептер бар. Әлемде мемлекеттік бюджет қаржысынан балаларды туған тілінде оқытуға ақша бөлетін елдер саусақпен санарлық шығар. Меніңше, Қазақстан – сондай мемлекеттердің бірі. Оған біздегі орыс тілінде, ағылшын тілінде, неміс, өзбек тілдерінде білім беретін мектептер мысал бола алады, - деді ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында.
Сонымен қатар Максим Рожин Халықаралық қазақ тілі қоғамы арқылы тілге арналған көрнекі жобаны бастап жатқанын атап өтті.
Бұл жоба көрнекі ақпарат туралы заңының талаптарын шағын және орта бизнеске түсіндіріп, орындауға ерікті түрде көмектеседі. Қоғам қазақ тіліне көшіп жатқанда бұл талап мемлекеттік қызметкерлер үшін де күшеюі керек деп санаймын. Себебі қазақ тілі қазір қоғамның негізгі тіліне айналып келеді. Бұл – халықтың талабы. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінен тапсыратын емтихан нәтижесі есептелуі керек деп есептеймін, - деді Максим Рожин.