Макронды құттықтаған Тоқаев оны елге шақырды

Макронды құттықтаған Тоқаев оны елге шақырды
681

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Эммануэль Макронды Француз Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. 

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекетіміздің басшысы құттықтау жеделхатында Эммануэль Макронның сайлаудағы айқын жеңісі Францияның ұлттық мүддесін қорғау және елді өркендету жолындағы оның қажырлы қызметіне халықтың берген жоғары бағасы мен сенімінің айғағы деп атап өткен.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген стратегиялық серіктестікке тың серпін беру үшін өзара күш-жігер жұмылдыруға дайын екенін нақтылады.

Осыған байланысты Қазақстан мен Франция арасындағы сан қырлы ықпалдастықты нығайту жолдарын талқылау үшін өзара қолайлы уақытта Сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қазақстан Президенті Франция көшбасшысына сарқылмас күш-қуат және аса жауапты қызметіне сәттілік, ал достас француз халқына мол бақыт пен құт-береке тіледі.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы