Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданының тұрғындарымен кездесті

29 Наурыз 2022, 21:09
1686
Бөлісу:
Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданының тұрғындарымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мақат ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Алдымен аймақ басшысы Доссор кентінде кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы қысқаша айтып өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жүктелген міндеттерге де тоқталды. 

Мемлекет басшысының Жолдауы қоғам тарапынан зор ықыласпен қабылданып ерекше қолдауға ие болды. Бұл өзгерістер уақытын күтіп, мерзімі жеткен, бірнеше жыл қордаланған түйінді мәселелерге қозғау салды. Түптеп келгенде қабылданған шешім ел халқын жұдырықтай жұмылдырып, бір мүддеге топтастырды десек болады,-деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов. 

 Өңір басшысы Доссор кентінде алдағы уақытта салынатын 60 пәтерлік тұрғын үй, дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысы туралы кеңінен айтып өтті. Оған қоса, жеке тұрғын үй салу үшін 564 жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылдарды тарту, электрмен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту, кентішілік 5,8 шақырым автокөлік және 3,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және аллеяны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетіні туралы да баяндады. 

Екі сағатқа созылған кездесуде тұрғындар өздерін алаңдататын 20-дан астам сауалын қойды. Жұмыс орындарын ашу, баспана, су мәселесі, жол мен этноауыл салу, қаңғыбас иттерді жою, айналма жолдың ережесін сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, маршрут жүрісін өзгерту, сондай-ақ өнерді қолдау мен  ауыл шаруашылығын дамыту бағытында  мәселелер қозғалды. Аймақ басшысы қойылған әр сұраққа жауап беріп, заңдылықтарын жан-жақты түсіндірді.

Өз кезегінде Мақат ауданының құрметті азаматы, білім саласының ардагері Роза Үмбетова тұрғындар бар мәселесін айтып, ашық диалог түрінде өткен кездесудің халық үшін аса маңызды болғанын атап өтті. 

Одан соң облыс әкімі кент тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Доссор тұрғыны Нұредин Байниязов кент маңындағы сорларды көмуді сұрады. Өңір басшысы Мақат және Доссор кенттеріндегі сорларды көму үшін сметалық құжат жасақталуда екенін жеткізді. Ал, кент тұрғыны Орынай Жұмағалиева 2-ауылға көше жарығын орнатуды сұрады. Махамбет Досмұхамбетов Доссор кенті бойынша жарықтандырылмаған 30 шақырым көше жарығының құрылысын салу қаржы қарастырылуда екенін айтты. 

Мақат кентінде өткен жиында облыс әкімі аудан орталығына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, аудан орталығы мен Бәйгетөбе ауылында биыл спорт алаңдарын салу жоспарлануда.

 Сонымен қатар, Береке ықшам ауданынан 160 орындық балабақша құрылысының құжаттары жасақталған. Оған қоса, Мақат және Доссор кентінің вокзал перрондарын жаңғырту жоспарда екенін айтты. 

Төрт сағатқа созылған кездесуде 50-ден астам сұрақ қойылды. Тазалық мәселесі, кентті абаттандыру, мектеп шатырын жөндеу, Байбақты ата кесенесіне дейін жол салу проблемасы көтерілді. Сондай-ақ, аудан орталығына бассейн қажет етілетіні де қозғалып, №2 бастауыш мектебіне 250 орындық жапсарлас ғимарат салу, Газшылар ықшамауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің шатырларына жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері де сауал болып қойылды.

Айталық, аудан тұрғыны Қабылхан Омаров Мақат кентінің 4-ауылындағы С.Бекжанов көшесінен Бостандық көшесіне дейін жол салуды сұрады. Өңір басшысы Мақат кентіндегі 24 шақырым автокөлік жолдарын жаңғырту қарастырылып жатқанын жеткізді. Аталған жоба бойынша С.Бекжанов көшесін Бостандық көшесімен қосатын 5,2 шақырым және Бостандық көшесіне 1,7 шақырым жол салу қарастырылған. 

Сонымен қатар, алдын ала арнайы орындарға қойылған жәшіктерге салынған сұрақтар мен тікелей эфир кезінде келіп түскен тұрғындардың сауалдары да кездесуде оқылып, облыс басшысы жауап берді. 

Облыс әкімі аудан тұрғындарын да жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

 

Өзгелердің жаңалығы