Маемиров: Өсіп келе жатқан жас ұрпақ міндетті түрде Абайды тануы керек

2 Маусым 2021, 23:08
2671
Бөлісу:
Маемиров: Өсіп келе жатқан жас ұрпақ міндетті түрде Абайды тануы керек
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балалар күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасын қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Ішкі Істер органы қызметкерлерінің балалары үшін (8 жесір, 14 бала) арнайы сахналанды.

Қойылым шымылдығын театрдың директоры Асхат Маемиров ашты.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас театрына қош келдіңіздер! Біздің театрымыз Қазақстандағы ең жас театр. Театрымыз өз шымылдығын «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашты. Біздің залда ішкі істер саласының азаматтары мен азаматшаларынан бөлек кішкентай көрермендеріміз отыр. Бүлдіршіндердің ата-аналары, ағаларынан оларды біздің театрға жиі әкеліп отыруларыңызды сұраймыз. Себебі, өсіп келе жатқан жас ұрпақ міндетті түрде Абайды тануы керек. Қазір біз сіздерге жас Абайды, бала Абайды, 13-14 жасар ғашық Абайды көрсетеміз. Кеш соңында сіздерге мерекелік тартуымыз да бар. Театрымыздың досы Димаш Құдайберген қазір шығармашылық іс-сапарда. Бірақ Димаш ағасының біздің балаларға сыйлығын алып келіп отырған Димаштың қарындасы Раушан Құдайберген отыр арамызда, - деді театр директоры.
Маемиров: Өсіп келе жатқан жас ұрпақ міндетті түрде Абайды тануы керек

«Абай-Тоғжан» музыкалық драма қойылымында халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты – ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады. Жас Абайды «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген сомдады. Ал Абайдың махаббаты Тоғжанды театрымыздың актрисасы Арелана Амангелдиева сахналады. Балалар Канн кинофестивалінің үздік әйел рөлінің лауреаты Самал Еслямова және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары, Аян Өтепберген, Асылхан Төлеповпен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Маемиров: Өсіп келе жатқан жас ұрпақ міндетті түрде Абайды тануы керек

Қойылым соңында Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арнап қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Ішкі Істер органы қызметкерлерінің балалары үшін арнайы аталған шараны ұйымдастырып, өтуіне мұрындық болған ҚР Ішкі істер министрлігі жанындағы қоғамдық қордың құрылтайшысы Аян Жұмашев бүгінгі шараға қатысқандарына алғысын білдірді.

Маемиров: Өсіп келе жатқан жас ұрпақ міндетті түрде Абайды тануы керек

Біз Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде, осындай бейбітшілік заманымызда мыңға жуық тәртіп сақшылары қаза тауыпты. Менің ойымша, осындай рухани құндылығы жоғары шығармамен, ұлттық мәдениетімізбен сусындаған қойылымдарды Қазақстан халқы, қала тұрғындары көріп тұруы керек. Сонда ғана біздің қоғамымызда қылмыс азайып, тәртіп сақшыларының да қызмет барысында өмірімен қош айтысуы азаяр еді, - деді Аян Жұмашев.
Сондай-ақ Димаштың қарындасы Раушан Құдайберген де өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, тәттілер, шығармашылығын дамытуға арналған керекті құралдар және жасына байланысты қазақ тіліндегі кітаптар мен қоса балаларға Димаш Құдайбергеннің қолы қойылған плакаттар сыйлады. «Жастар жанары» порталы жас бүлдіршіндерге арнап, жас ерекшеліктеріне қарай түрлі бояуға арналған кітапшалар табыстады.

Театр актері Асылхан Төлепов қойылым көрерменнің көңілінен шыққанына сенімді екенін айтты.

Біздің қойылымымыз сіздердің көңілдеріңізден шықты деген ойдамыз. Бауырларым Димаш Құдайберген мен Аян Өтепберген балаларды мерекемен құттықтай отыра, өз сыйлықтарын тарту етпек. Бүлдіршіндеріміз аман болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!, - деді ол.

Қойылымға Ішкі Істер министрлігі орталық аппараты, Ұлттық Ұлан және Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі істер департаменті қызметкерлері де қатысты. Іс-шара соңында балалар театр актерларымен естелік суретке түссе, ата-аналар бүгінгі шараны өткізгендері үшін алғыстарын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы