Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мадридте соңғы 76 жылда болмаған ең төмен ауа температурасы тіркелді.
AEMET метеорологиялық агенттігі деректеріне сүйенсек, бұл температура сейсенбіге қараған түні тіркелген.
Өткен аптада Мадридке жауған бұрқасын мен қалың қар 1971 жылы тіркелген рекордты қайталады. Қалың қармен қоса, қала да суып кетіп, елдің мазасын қашырды.
Түнде термометр бағаны кейбір ауданда -10 градусқа дейін төмендеді. Мәселен Университет қалашығы ауданында -10,3 градус, ал Бахарас әуежайы маңында -13 градусқа дейін төмендеген.
Алькале-де-Энарес (минус 13,8 градус) және Арганде-дель-Рей (минус 15,6 градус) елді мекендерінде Мадрид қаласындағы ауа райынан да суық болды.
Айта кетейік, қазір Испанияның көп бөлігінде ауа райы суып кетті. Елде қауіп-қатердің қызыл деңгейі бірден Кастилия-и-Леон, Кастилия-ла-Манчи, Арагонаның 11 провинциясында енгізілді.
Сәрсенбіге қараған түні де ел астанасында күн -10 градусқа суытады деп күтілуде.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Испанияда қарлы боран салдарынан төрт адам қайтыс болды. Сондай-ақ Испанияда қар құрсауында қалғандарға азық-түлік тікұшақпен жеткізіліп жатқаны да хабарланды.