Мәдениет: Жамбылда «Ауылым – алтын бесігім» мәдениет-өнер күндері өтті

30 Қараша 2024, 08:19
428
Бөлісу:
Мәдениет: Жамбылда «Ауылым – алтын бесігім» мәдениет-өнер күндері өтті
Фото: автордан скрин

Жамбылда өнер мен мәдениетті насихаттаған «Ауылым – алтын бесігім» атты фестиваль мәресіне жетті. Жамбыл ауданына қарасты 17 округтегі ауыл тұрғындары қатысқан айтулы шара талайға тың серпіліс беріп, жұртшылықттың көңілін көтерді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Мәдениет: Жамбылда «Ауылым – алтын бесігім» мәдениет-өнер күндері өтті

Елімізде әлеуметтік-экономикалық даму ең маңызды рөл атқарады. Алайда халықтың мәдениеті-салт-дәстүрі өшпеуі тиіс. Адамдардың жақсы көңіл күйі, рухани дамуы үшін осы салаға үнемі серпіліс ауадай қажет-ақ. Осы мақсатта Жамбыл облысының 85 жылдығына орай әр ауданда «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет-өнер күндері өтуде. Жамбыл ауданында бір айға жуықтаған байқау 17 округте ұйымдастырылды. Өнер байқауының мақсаты жас таланттар мен жаңа есімдерді анықтай отырып, өнерпаздардың кәсіби дамуына қолдау білдіру. Байқау талаптары бойынша 3 округтен бірігіп, ұмытыла бастаған салт-дәстүрден көрініс, патриоттық, дәстүрлі әндер, ұлттық спорттық ойындар және этнос өкілдерінің көрмесі, қызықты жарыстар мен қолөнер, қылқалам шеберлері сондай-ақ ауыл шаруашылық, жергілікті кәсіпкерлер тауарларының жәрмеңкесін ұсынып, әр округ мәдени жетістіктері бойынша есеп берді. Бүгін аталған байқаудың қорытындысы үлкен гала концертте түйінделді. Аса ауылындағы жақында ғана күрделі жөндеуден өткен аудандық «Мәдениет үйінде» өткен іс-шараға жиналған халықтың қарасы қалың. Көпшілікті Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мерекемен құттықтап, мәдени іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

Бүгін тағы бір айтуға тұрарлық маңызды оқиға – ауданымызда Жамбыл облысының 85 жылдығына орай өткізілген «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет және өнер байқауы жуырда мәресіне жетті. Мәдени-көпшілік шара рухани азық алып, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға, жалпы халықтық қалпымызды сақтауға игі ықпал еткен ауыл мерекесіне айналды. Бұл ретте сонау ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан бай тарихы бар ұлттық құндылықтарды дәріптеп келген ауыл тұрғындарына ықыласым ерекше. Ауыл азаматтары өзара келісім, ынтымақ пен бірлік, достық пен сыйластық, мәдениет пен өнерге ынталылықтың арқасында елдік дәстүрлерін сақтайтынына сенемін. Бүгінгідей мерейлі күнге мол жетістіктермен, толағай табыстармен жетіп отырған өлкеміз қашанда ұлтымыздың ұйытқысы, өркениеттің бесігі болары сөзсіз. Күні кеше ғана Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша екінші орынды еншілеген ауданымызға жаңа шағын автобустың кілтін табыс етті. Бұл жеңісті жерлестеріміздің берекелі еңбегі және аймақтың мәдениеті мен өркениетіне қосқан қомақты үлесі деп білемін. Сіздер атқарған ерен еңбектің арқасында отандық аграрлық сектор жақсы дамып, ауыл мәдениеті өрлеп келеді. Сол қажырлы еңбек пен төккен тердің жемісін көріңіздер. Сіздерге саулық пен бақыт, отбасыларыңызға құт-береке, баршаңызға қажымас қайрат, таусылмас табыс тілеймін, – деді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

Жамбыл ауданында биыл мәдениет саласында толайым жетістіктер көп. Соңғы жылдары аймақта мәдени-рухани маңызы зор нысандар көпшілікке есігін айқара ашты. Соның бірі халықтың мәдени-рухани сұранысын өтеу мақсатында ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейі. Қауымның құтты ордасына айналған осы киелі мекенде ашылған күннен бастап «Музейге сый» акциясы бастау алып, мұражай қоры көне жәдігерлермен толығуда. Мұнда тарихи-танымдық іс-шаралар үзбей өткізілуде. Мұнымен қоса биыл Ақбұлым ауылдық клубы, Өрнек және Қаракемер ауылдарында жаңа спорт кешені бой көтерді. Қазіргі таңда Қызылқайнар ауылдық мәдениет үйі, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, аудандық архив, балалар мен жасөспірімдер сарайы ғимараттарының құрылысы жүргізіліп жатқаны да мәлім. Құрылыс жұмыстары аяқталып, халық игілігіне беретін қуанышты күн де алыс емес.

Сонымен қатар өңір жұртшылығы өнер дәстүрін дәріптеген бірнеше айтулы оқиғаның куәсі болды. Олардың ішінде осы жылы республикаға әйгілі айтыскер ақын Айтмұханбет Исақовтың 60 жасқа толу құрметіне кең арнада өткен өнер мерекесі халыққа қуаныш сыйлады. Сондай-ақ ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әуендерін ұлықтаған облыстық жас әншілер байқауы сазгердің табаны тиген Жалпақтөбе ауылында сыр-сипатымен өтіп, онда бас жүлдені ауданның түлегі Әлішер Боранбаев иеленді. Жоғары жетістіктер мұнымен шектелмейді. Бектөбелік «Наз» және «Балдәурен» бишілер тобы республикалық «Дарынды жұлдыздар» өнер байқауында гран-при марапатына ие болып, Түркияға жолдама алды. «Балдәурен» би ансамблі XV республикалық фестиваль-байқауының «Хореография» номинациясы бойынша жеңімпаз атанса, «Балауса» би тобы «Жұлдыздар әлемі» халықаралық байқауында гран-при жүлдесін алды. Мұқан Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінен Інжу Үшкемпір «Ғасырлар пернесі» атты аспапта орындаушылар байқауынан, Асылжан Тойшыбек «Сырнайым – саз сырым» атты республикалық ән байқауынан бас жүлдемен оралса, «Желдірме» фольклорлық ансамблі Ұлттық жастар дельфий ойындары байқауының жеңімпазы атанды. Айта берсе, аудан өнерпаздары бағындырған белестер аз емес.

Ал бүгінгі мерекелік кеште Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдениет-өнер байқауында белсенділік танытқан ауыл азаматтарына «Алғыс хат» табысталды. Сонымен қатар «Ауылым – алтын бесігім» өнер фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Әділқазылар алқасының шешімімен ІІІ-орынды Көлқайнар, Қарасу және Гродиково, Қызылқайнар, Полатқосшы ауылдық округтері иеленді. Ал жүлделі ІІ- орынды Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау мен Ақбұлым, Қарой, Бесағаш ауылдық округтері алды. І-орыннан Айшабибі, Жамбыл, Қаратөбе ауылдық округтері көрінсе, жүлделі бас жүлде үздік деп танылған Аса, Ақбастау, Қаракемер ауылдық округтеріне берілді. Жеңімпаз округтерге қаржылай сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Жақсылыққа жиналған көпшілік қауым мерекелік концерт тамашалап, бір серпіліп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Мәдениет: Жамбылда «Ауылым – алтын бесігім» мәдениет-өнер күндері өтті

Айта кетейік, аталмыш шараға жауаптылар алдағы жылы да «Ауылым – алтын бесігім» фестивалін ұйымдастыруға күш саламыз дейді.

Өзгелердің жаңалығы