Маңғыстаулықтар қандай жағдайда жеке көліктерімен жүре алады?

4 Сәуір 2020, 12:26
1817
Бөлісу:
Маңғыстаулықтар қандай жағдайда жеке көліктерімен жүре алады?

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. 3 сәуірден бастап Маңғыстау өңірінде карантин режимі енгізілді. Аймақ әкімдігінде арнайы Call-орталық ашылып, тұрғындарды мазалаған сұрақтарға нақты жауап берілуде.

Аймақ тұрғындары тарапынан келіп түсіп жатқан сауалдардың басым көпшілігі - төтенше жағдай кезінде жеке көліктерін пайдалануға қатысты болып отыр.

Қазіргі уақытта облыс аумағындағы автокөлік жолдарына 16 блок-бекет қойылды. Бесеуі жылжымалы санитарлық бекеттер. Олардың күзетіне 700-ден астам полиция қызметкерлері, санитарлық бақылау күзетінің мамандары мен әскери бөлім сарбаздары жұмылған.

Блок-бекеттерден елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың, азық-түлік және дәрі-дәрмек тасымалдайтын жеңіл және жүк көліктері мен арнайы қызметтік машиналардың өтуіне ғана рұқсат беріледі.

Ал көпті мазалаған жеке көліктерге келсек, Ақтауда өткен брифингте Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшылығы халықтың қандай жағдайда қала немесе аудан ішінде өз машинасымен жүре алатындығын түсіндірді.

Басқарма басшысы Ержан Күмісқалиевтің айтуынша, жеке көліктерді жұмыс бабында қолдануға рұқсат. Бұл ретте күнделікті қызметіне өзінің автокөлігімен қатынайтын азамат жұмыс орнынан берілген анықтама және жеке басын куәландыратын құжатарды міндетті түрде алып жүруі қажет.

Алмағайып оның әлгі анықтаманы басқаша жағдайда пайдаланылғаны белгілі болса, кінәлі тұлғадан бөлек ол жұмыс істейтін мекеме-кәсіпорын не серіктестіктің басшылығы әкімшілік жауапқа тартылады.

Түсінеміз, әртүрлі жағдай болып қалады. Мысалы, ол азаматтың өзі ауырып қалады. Болмаса баласын ауруханаға шұғыл апару қажеттігі туындайды. Жақыны қайтыс болады. Осындай сәттерде көлігін тоқтатқан полиция қызметкеріне карантин кезінде үйден шығу себебін түсіндіріп, жүруіне болады. Сосын қаладан қашық жерде мал ұстап отырған азаматтар сол жеке шаруа қожалығына баруына кедергі жоқ. Бастысы, өзінің иелелігіне қарасты екенін айғақтайтын құжаттары болса болғаны - деді Е.Күмісқалиев.

Осылардан басқа себептермен аудан-қала арасына жеке көлікпен шығуға тыйым салынады. Ақтаудан өңірдің басқа елді мекеніне қатынап жасайтын азаматтардың 15 сәуірге дейін деп белгіленген карантин режимі аяқталғанша, сол жерде уақытша баспана тауып, тұруына тура келеді.

Аймақ әкімдігі өзінің және жақындарының қауіпсіздігі үшін тұрғындардың қазіргі уақытта заң жүзінде жүріп жатқан іс-шараларды түсіністікпен қабылдап, далаға себепсіз шықпауын сұрайды. Тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жауапқа тартыларын ескертеді.


Өзгелердің жаңалығы