Маңғыстауда «Үздік мемлекеттік қызметкер» байқауына қатысушылар саны жыл санап артып келеді

22 Сәуір 2019, 15:41
3154
Бөлісу:
Маңғыстауда «Үздік мемлекеттік қызметкер» байқауына қатысушылар саны жыл санап артып келеді
Фото: автордан

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде аймақтық коммуникациялар алаңында өткен жиында айтылды. Аталған кездесуге мемлекеттік органдар өкілдері, БАҚ өкілдері мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мамандары қатысты.

Аталған ведомствоға қарайтын мемлекеттік қызмет басқармасының жетекші маманы Хәкімбек Атадұсовтың сөзінше, бұл конкурс мемлекеттік қызметкерлерді ынталандырып, оған баруға өзегінің ықылысын ояту мақсатында өткізіліп келеді. Оның бүгінгі таңдағы ауқымы өте кең.

«Мұны аудан және ауылдардан келіп қатысуға ниет білдірген үміткерлер санынан байқауға болады. Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша 27 үміткер өңірлік кезеңде бақ сынаған болатын. Олардың жиырмасы республикалық кезеңге жолдама алды. Мақтанышымыз, сол сәтте Маңғыстау облысының атынан қатысқан екі бірдей қатысушымыз Бауыржан Тұяқов пен Рамир Алекберов жеңімпаз атанған еді», - дейді ол.

Байқауды өткізуге жауапты құзырлы орган өкілінің айтуынша, конкурсқа қатысушы бір сәтке болса да жұмысбастылықтан арылады. Білімі әрі біліктілігін көрсетіп, тәжірибесін шыңдайды. Бұл тұрғыдан мемлекеттік қызметкерлердің оң имиджін қалыптастырып, осы салаға қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар жыл сайын жалғаса береді.

Бұл конкурсқа мемлекеттік қызметте ең кемі бір жылдық жұмыс өтілі бар, әкімшілік және тәртіпті жазасы жоқ мемлекеттік қызметшілер қатыса алады. Сондай-ақ әр үміткердің өз қызметінде өзекті мәселелерді шешуге қосудағы жеке үлесі, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру барысында жеткен жетістіктері де ескеріледі.

«Расын айту керек, осы конкурс маған ерекше күш-жігер берді. Санамда тұрған жеңіске деген ұмтылыс, қызметіме деген зор ықыласым мені биікке шығарды. Ұйқысыз өткізген күндерім текке кетпегенін осы бүгінде әріптестерімнің маған ерекше мақтанышпен қарағанынан-ақ түсінемін. Көңіліме бір түйгенім, әр адам өзін дамытудан ешқашан жалықпауы керек. Бұл сайыстың арқасында көп нарсе үйренуге болады. Мен өз кезегімде республикалық кезеңде облыстың атын асқақтатқаныма қуанамын», - дейді «Үздік қызметкер - 2018» байқауының жеңімпазы, жастар мәселесі жөніндегі аймақтағы басқарма басшысы Бауыржан Тұяқов.

Байқаудың қос бірдей кезеңіне қатысуға ниетті мемлекеттік қызметкерден сұралатын құжаттар 5 сәуір мен 5 мамыр аралығында қабылданады. Үміткердің конкурсқа қатысу туралы өтініші мен «Не себепті мен үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықтымын?» тақырыбында өз қолымен жазылған мотивациялық эссе болуы міндетті.

«Әр жыл өткен сайын әрбір мекеме жас мамандармен толығып жатыр. Олардың Әдеп кодексінен бастап, мемлекеттік заңнамаларды білу деңгейін саралауға бұл конкурстың маңызы өте зор. Былтырғы жылмен салыстырсақ, бүгінде қатысушылардың саны артып, конкурсқа деген қызығушылығының басымдық алып келе жатқаны бізді қуантады. Бұл шара мемлекеттік қызметкердің басқа қырынан танытып, шығармашылық тұрғыдан дамуына мол мүмкіндік береді. Сондықтан оның жоғары деңгейде өтуіне қоғам болып атсалысуымыз қажет», - дейді байқау комиссиясының мүшелері.

Айта кетейік, конкусқа қатысушылардың білімін бағалау үшін оның бірінші кезеңінде өңірлік комиссия құрылады. Одан сүрінбей өтіп, үздік атанған жеңімпаздар 23 маусымда аталып өтілетін «Мемлеттік қызметкерлер күні» марапатталып, келесі кезеңге жолдама алады.


Өзгелердің жаңалығы