Маңғыстау халқына тіл тигізген депутаттың басы дауға қалды

10 Қыркүйек 2020, 18:36
2777
Бөлісу:
Маңғыстау халқына тіл тигізген депутаттың басы дауға қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Алматы қалалық мәслихатының алтыншы шақырылымының депутаты Ержан Еркінбаев Маңғыстауға жасаған сапарына байланысты әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Онысы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып жатыр.

Мен Маңғыстаудағы Каспий теңізінің жағалауын айналып шықтым. Сонда түсінгенім, бұл жерде итбалықтар қырылып жатыр екен. Менің алдымда жатқан итбалықта екі тесік көрініп тұр. Яғни өлтіргені белгілі. Не үшін? Бұл жануар онсыз да мүгедек. Оған тиісудің не қажеті бар? Ататын болса, аң-құс көп емес пе? Мысалы қасқырға шық, - дейді депутат инстаграмдағы жазбасында. 
Ақтау қаласының тұрғыны Жанпейіс Назарғали өзінің Facebook парақшасында депутаттың кешірім сұрауын талап етіп жатыр. 
Алматы қаласы мəслихатының депутаты, бизнесмен Ержан Еркінбаев (Yerzhan Yerkinbayev) киелі Маңғыстауға келе отырып, Маңғыстау халқын итбалық өлтіретін жабайылар ретінде сипаттауда. Ол бұндай шешімге ешқандай сараптамасыз, зерттеусіз қалай барып отыр? Мүмкін итбалық өз өлімімен өлген болар? Егер хайп үшін жазған болса заңды түрде жауап берсін! не итбалықты Маңғыстау халқы өлтіргенін дəлелдесін! Олай болмаса кешірім сұрасын Маңғыстаулықтардан!Бұл депутаттың инста парақшасындағы жазбасы астындағы пікірлерді оқысаңыздар Маңғыстау өлкесін жабайы, тұрғындары жауыз екен деп қаласыз. Сондай жағымсыз пікір қалыптастырғаны үшін сотқа беруге дайынмын бұл адамды, -деп жазған Жанпейіс Назарғали. 
Айта кетейік,  6 шілде күні әлеуметтік желіде демалып жатқан адамдар Каспий итбалығына тас лақтырғаны туралы видео пайда болды. Видеода көрініп тұрғандай, итбалық адамдарға шабуыл жасау ниетінсіз, қызық көріп жақындаған. Бұл факті бойынша Маңғыстау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы облыстық полиция департаментіне хат жолдады. Кейін үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев  білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовқа балаларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу ісіне баса мән беруді тапсырған болатын.
Өзгелердің жаңалығы