Жыл басынан бері Маңғыстау өңірінде 60 өрт оқиғасы тіркеліп отыр

22 Сәуір 2019, 16:33
2122
Бөлісу:
Жыл басынан бері Маңғыстау өңірінде 60 өрт оқиғасы тіркеліп отыр

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының сөзінше, өрт оқиғаларының басым көпшілігі тұрғын үй секторында жылыту құрылғыларының дұрыс қолданылмауыу салдарынан орын алып отыр.

«Осы жыл басталғалы бері облыс көлемінде 60 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Олардың шығу себептерін тексере келе төтенше оқиғаның дені тұрғын үйлерде тіркелгенін көріп отырмыз. Өкінішке қарай, мұндай деректер жыл сайын қайталанады. Мәселен, жылу беру маусымының аяқталуына орай кейбір адамдар үйлерінде жасалған жері беймәлім электр пештерін қосады. Қараусыз қалдырудан бөлек, оның үстіне кептіремін деп киімдер іліп, тілсіз жаудың шығуына себепші болады. Осы кезеңде халықпен кездесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу қарқынды жүргізіледі. Жылыту құрылғыларын сақтықпен пайдалануға шақырып, қатерден сақтау үшін балаларды көзден таса қалдырмауға шақырамыз. Абырой болғанда, қазіргі таңда кісі өлімі тіркелген жоқ», - дейді Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Мұханов.

Оттан бөлек тілсіз жау саналатын суға шомылу кезінде былтыр он адам опат болды. Қайғылы деректерге сүйенсек, олардың барлығы да тұрғындардың судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан болған. Мұндағы негізгі себептерге тыйым салынған су айдындарына түсу, теңізге шомылу кезінде өзінің шамасына қарамай тым алысқа жүзу, ішімдік ішкен күйде суға бару, балаларды ересек адамның қарауынсыз жағалауда қалдыру және балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау жатады.

Осы аймақтағы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты азаматтық қорғаныс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рәтбек Демеубергенның айтуынша, былтыр қайғылы оқиғаның алтауы Ақтауда, тағы екеуі Кендірлі демалыс базасында және Түпқараған ауданының Форт-Шевченко каласында екі дерек тіркелді.

«Жалпы бүгінгі таңда біздің өңірдегі адамдар суға түсетін теңіз жағалауының ұзындығы мыңнан шақырымнан асады. Каспий жағалауында жаз мезгілінде суға түсуге арналған 30 жер учаскесі бар. Оның жиырмасы Ақтау қаласында, оны Жаңаөзенге іргелес Кендірлі демалыс базасында орналасқан. Бұдан басқа аудандарда үш жағажай аймағы, бес балалар лагері мен 22 демалыс базасы жұмыс істеп тұр», - дейді Рәтбек Қожахметұлы.

Алдағы жазда Ақтаудың аумағындағы 14 демалыс базасының 8-і жұмыс жасайды деп күтілуде. Тағы бес демалыс базасы биыл жұмыс жасамайды деп айтылған. Тағы бірінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тұрғындардың суға түсу кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жедел құтқару жасағы құрылған. Бүгінде төрт құтқару бөлімшесі Ақтау қаласы, Кендірлі демалыс базасы, Түпқараған ауданында және Қарақия ауданының Құрық елді мекенінде бар.


Өзгелердің жаңалығы