Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтарға жан-жақты көмек көрсетілуде. Жомарт жүректі азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен қаржылай және гуманитарлық көмек жолдауда.
Қазірдің өзінде Атакенттегі арнайы дайындалған қоймаға 200 тоннаға жуық азық-түлік қоры жиналды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ұн, күріш, май және киім-кешек пен күнделікті қолданысқа қажетті заттар Мақтаарал ауданындағы 12 эвакуациялық орталыққа жайғастырылған тұрғындарға күнделікті таратылуда. Сондай-ақ туған туыстарының үйін уақытша паналап жүрген азаматтарға азық-түлік Атакенттегі №9 жалпы орта мектебі мен В. Камаров атындағы мектепте үлестірілуде.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, Арыс, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Келес, Отырар, Түркістан және Сайрам аудандарының әрқайсынан 5-10 тонна көлемінде азық-түлік жеткізілді. Таяу күндері Мақтаарал ауданының халқына Павлодар, Қызылорда, облыстарынан да көмек келмекші.