Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет Парламент Мәжілісінің қарауына бюджет заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізеді. Бұл туралы қаржы министрі Ерұрлан Жамаубаев Мәжілістің жалпы отырысында айтты.
Өткен жылы бюджет шығыстары есебінен 344 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру арқылы 53 стратегиялық бағыт жүзеге асырылды, - деді министр.
Министр стратегиялық жоспарлардың 264 индикаторына қол жеткізілгенін айтты.
13 мемлекеттік бағдарлама қаржыландырылды.Соның ішінде, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мыңдаған тұрақты жұмыс орны ашылды. Транзиттік жүк көлемі 19,5 млн. тоннаны құрады.115 км жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және қайта құрылды, - деді ол.
Министр "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде 19 мыңнан астам пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына, көп балалы отбасыларға және жұмыс істейтін жастар үшін пайдалануға берілгенін айтты.
"Еңбек" бағдарламасы аясында 22 мың жас техникалық кәсіптік оқумен қамтылды, 19 мың адам микрокредиттер мен гранттар алды. Алғаш рет шамамен
6 мыңға жуық жастар жеке ісін ашты және кеңейтті. Жалпы мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады, - деді ол.
Жамаубаев мемлекеттік жоспарлау жүйесінде бірқатар проблемалық мәселелер де бар екенін айтты.
Мәселен, мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарларда мемлекеттік органдардың күнделікті қызметтерін сипаттайтын шаралардың жоспарлануы, оларға сансыз түзетулердің енгізілуі, индикаторлар ретінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жоспарлануы. Жоспарлау кезінде бюджет шығыстарының экономикалық тиімділігі бағаланбайтыны да ескертілді, - деді ол.
Министр мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру үшін қазіргі уақытта тиісті шаралар дайындалып жатқанын айтты.
Мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салынатын болады.Мемлекеттік бағдарламаларда қаржылық қолдау алушы кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелерінің түрлері де қарастырылады, - деді министр.
Ерұлан Жамаубаев Үкімет Парламент Мәжілісінің қарауына бюджет заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізетінін айтты.
Бұл жобада стратегиялық және бюджеттік жоспарлау жүйесінің механизмдерін қайта қарау, бюджеттік инвестициялардың болжамдық экономикалық тиімділігін бағалау нормасын енгізу, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау шараларын жеткізетін операторларға қазынашылық органдарда арнайы шот ашу қарастырылған. Барлық ұсынылған өзгерістер бюджеттік процесті жетілдіруге бағытталған, - деді ол.
Оқи отырыңыз: