Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері У.Қайназаров пен Қ.Ержан Түркістан облысының Сайрам ауданына барды. Онда депутаттар аудан тұрғындарымен кездесіп, бірқатар нысанды аралады.
Халық қалаулылары «Нұрым Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Сырым Ертаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мал бордақылау алаңында 6000 бас ірі қара мал бордақылануда. 2 айналымда 1500 тонна ет дайындалып, экспортқа шығарылады.
Осы ретте, кәсіпкер ет өнімдерін экспорттау барысында кеденнен өтуде кезектіліктің ұзақтығынан көп уақыт жоғалтатынын жеткізді. Өз кезегінде осы және өзге де мәселелер мен ұсыныстарды Мәжіліс депутаттары назарға алатынын жеткізді.
Сонымен қатар, қонақтар өңірдегі тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Бүгінде тігін фабрикасы арнайы форма, әскери киімдер және төсек-орын өнімдерін шығаруда. Өнеркәсіп орнында 110 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, өнімдерді шығаруда толық отандық шикізаттар пайдаланылуда.
Сонымен қатар, депутаттар Ақсукент ауылындағы 500 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысымен танысты. Қазіргі таңда нысан құрылысының 85 % аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат биылғы жылдың қараша айында ел игілігіне берілмек.