Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыға Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депуттаттары Мансұрхан Махамбетов пен Жамбыл Ахметбеков жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іске асырылу барысын қадағалады.
Облыстағы алғашқы Көші-қон орталығы осыдан cегіз ай бұрын ашылған болатын. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен жобасы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік қызмет көрсетеді. «Бір терезе» қағидатымен мемлекеттік қызметтің 11 түрі бойынша қызмет көрсететін орталыққа осы уақыт аралығында 7500-ден астам жүгінген.
Облыс орталығына сапары барысында халық қалаулылары Көші-қон қызметтері орталығының мемлекеттік қызмет көрсетудегі жаңашылдығымен танысып, цифрландыру бағдарламасы бойынша алға қойылған міндеттердің жүзеге асырылуымен танысты.
«Өздеріңізге мәлім болғандай Елбасымыздың тапсырмасымен елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қолға алынған. Ол бойынша көптеген қаражат қарастырылды, біршама жұмыстар атқарылды. Енді нақтырақ айтатын болсақ, Қарағандыдағы миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен таныстық. Бұл мекеме мемлекеттік қызметтің 11 бағыты бойынша қызмет көрсетеді екен. Жалпы біздің елімізде еңбек миграциясы өте үлкен проблема болып келген болатын. Оның себебі еңбек мигранттары, бізге келіп жұмыс жасау барысында алғашқы тіркеуден өткенмен, кейінгі тіркеуден өтпей қалып жатады. Яғни «просрочка». Кейін шекерадан кедергісіз өтіп кетеді. Жай ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылады, бұның өзінде әкімшілік айыппұлды төлемейді. Себебі, оның бәрі қалып кетеді. Ал қазір бұл мәселе жолға қойылған. Осы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының нәтижесінде Көші-қон орталығының қызметкерлері шекарадағы қызметпен байланыс жасап, мерзімін өткізіп алып, жұмыс жасап жүрген қаншама шетелдік мигранттарды анықтады. Бұның өзі біздің бюджетке қомақты қаржы әкелуде. Себебі еңбек миграциясының өзі заң талабына сәйкес патенттік негізде жұмыс істеуде. Мысалы, қандай да бір еңбек мигранты елімізге келгенде осы орталыққа келіп, тіркеуден өтіп, патентін алады. Осы арқылы қаржы бюджетке түседі. Мысалға, 2017 жылғы мәлімет бойынша, 130 млн, ал 2018 жылғы көрсеткіш бойынша қазынаға 230 млн теңге ақша түскен. Сондықтанда цифрландыру біздің елімізге өте қажет. және де бұл бағдарламаның ең бірінші мақсаты, жемқорлықтың жолын қысқарту. Яғни цифрландыру арқылы, қандай да бір мемлекеттік қызметті алудың ашықтығын көреміз. Цифрландырудың керектігі осынды болып тұр», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мансұрхан Махамбетов.
Облыстағы Көші-қон қызметінің орталығында шетел азаматтары құжаттарын рәсімдеу, сақтандыруға тапсырыс беру, уақытша тіркеуге тұру сияқты мемлекеттік қызметті еш кедергісіз ала алады. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, Қарағандыға жұмыс істеуге келетін еңбек мигранттарының барлығына қыркүйек айынан бастап осы жерде қызмет көрсетілетін болады.
«Осы уақытқа дейін қалаға келетін шетелдіктер құжаттарын тұрғылықты мекен-жайы бойынша полиция бөлімдерінде рәсімдеп жүрген болатын. Енді қыркүйек айынан бастап, Қарағанды қаласына келетін барлық еңбек мигранттарына осы орталықта қызмет көрсетілетін болады. Сондай-ақ, жақын уақытта медициналық қызмет көрсету мәселесі де шешілетін болады, яғни медициналық анықтаманы осы жерден ала алады», - дейді Көші-қон қызметі орталығының бөлім басшысы Руслан Жұмашев.
Көші-қон орталығының қызметіндегі осы жаңашылдықтармен танысқан мәжіліс депутаттары цифрландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысына баға берді.
«Қазіргі уақытта біз аймақтарды аралып жүрміз. Біз мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын, сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасының атқарылу деңгейімен танысып жатырмыз. Ал енді цифрландыру бағдарламасына келетін болсақ, бұл бағдарлама өз жемісін беріп жатқандығын көрудеміз. Бүгін Қарағандыдағы миграциялық орталыққа бас сұқтық. Өздеріңіз де көріп отырғандай, мұнда ұзын-сонар кезек жоқ, қызмет көрсету саласы келушілердің барлық қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған. Мұнда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да бар. Егер азамат компьютерде жұмыс істеу білсе, өзіне қажет қызметті еш кедергісіз ала алады. Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының бір қалыпқа келді, компьютерлер жеткілікті, менеджер, оператор мамандар сыпайы қызмет көрсетеді. Мұндағы маңызды мәселенің бірі адамдардың кезек күтуі емес, олардың өздеріне қажетті қызметті сапалы әрі жылдам ала алуында. Сондықтанда аймақтарға жұмыс сапарымыз барысында азаматтардың шағымын, өтінішін және ескертпелерін тыңдап, сол бойынша заңға өзгерістер енгізуді ұсынатын боламыз. Бұл цифрландыруға ғана емес, жалпы әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты. Ең бастысы, біз халықтың көңіл күйін білуге тырысамыз. Осы арқылы біз қабылдаған заңдардың бағытының дұрыс екендігін білетін боламыз», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков.