Мәжіліс заңға өзгеріс енгізіп, кейбір мұғалімге 2,5 млн теңге бергізетін болды

4 Желтоқсан 2019, 14:47
16442
Бөлісу:
Мәжіліс заңға өзгеріс енгізіп, кейбір мұғалімге 2,5 млн теңге бергізетін болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасына өзгеріс енгізіп, екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін шешуге, педагогтарға жүктемені азайтуға, оларды көптеген тексеруден, оларға тән емес функциялардан қорғауға, жұмыс істеп жүрген педагогтар үшін ынталандыру шараларын белгілеуге, жастарды мамандыққа тартуға бағытталған, - дейді мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов.

Оның айтуынша, жаңа заңға сәйкес халықаралық олимпиада, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған мұғалімдерге үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Мұның бәрі депутаттық корпус енгізген түзетулерде қарастырылған.

2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтары үшін нормативтік оқу жүктемесін 18-ден 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма бекітіліп отыр. Білім беру саласындағы өкілетті орган айқындайтын тізбе тұрғысында білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын дайындаған падагогқа тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде бір жолғы сыйақының төленуін көздейтін норма енгізіледі, - дейді депутат.

Одан бөлек "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағымен марапатталған педагогке 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2019 жылғы АЕК бойынша 2,5 миллион теңгеге тең) біржолғы төлем беріледі.

Мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының мұғалімдеріне магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы енгізіледі. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленеді. Педагогтердің білім алушылар, тәрбиеленушілер және оның ата-анасы, немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан мамандығына құрметпен қарауды және тиісті мінез-құлықты талап ету құқығы нақтыланды, - деді Бектұрғанов.

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады.

Өзгелердің жаңалығы