Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев QAZAQSTAN телеарнасына берген сұхбатында Семей полигонындағы ядролық қаруларды сынау халыққа қарсы жасалған қылмыс екенін айтты.
Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Қазақстан осы ядролық қарусыздану саясатын жүргізіп келе жатыр. Оның себебі біз ядролық қарудың қасіретін, қиындығын, зардабын өзіміздің басымыздан өткізген халықпыз, - деген пікірін білдірді Сенат спикері.
Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев әлемде сексенінші жылдардың аяғында бірнеше полигон ядролық сынақтарды өткізіп тұрғанын айтты.
Ол «Жаңа жер» деген Ресейдегі полигон, «Муруроа» деген Францияның полигоны, «Невада» деген АҚШ-тағы полигон, «Лабнор» деген Қытайдағы полигон. Осы полигондарда негізінен сексенінші жылдардың аяғында ядролық сынақтар жүргізілді. Осы полигондардың аумағында не іргелес аймақтарда халық тұрмаған. Олар сынақтарды халық жоқ айдалада жүргізген. Семей ядролық полигонында полигонға іргелес аймақтарда халық тұрған ауылдар болған. Олар мал шаруашылығымен айналысқан. 1949-1989 жылдардың аралығында 470-ке сынақ өткен. Осы сынақтардың күші Хиросимаға түскен қарудан 2500 есе артық болғанын сарапшылар айтып жүр. Бұл халыққа қарсы жасалған қылмыс деп айтуымызға толықтай болады, - деді ол.
Сенат спикері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу арқылы ядролық қарусыздану процесіне теңдесіз үлес қосқанын атап өтті.
Қазақстанның ядролық қарусыздану саясатын жүргізуі өте орынды. Себебі біз оның қасіретін де, қаупін де, зардабын да білетін халықпыз. Полигонды жабу 29 тамызда өтті. Сол кезде мұндай шешім қабылдау үшін үлкен батылдық керек болды. Көрші мемлекетте әскери өндірістік комплекстің басшылары осы полигонды сақтап қалуға мүдделі болғанын да қазір сарапшылар, тарихшылар жазып жүр. Сол мүдделерге қарамай Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев батыл қадамға барып, халықтың мүддесіне сай келетін үлкен стратегиялық шешім қабылдады, - деді Мәулен Әшімбаев.