Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеу, Минск және Алматы. Бұл қалаларды ортақ тақырып байланыстырды. Үш қалада «Бұрынғы Кеңес Одағының халықтары: Отан соғысы мен Ұлы Жеңісте бірге» атты бейнекөпір форматында дөңгелек үстел өтті.
Жиын Қазақстан журналистерінің Беларусь Республикасына баспасөз туры аясында ұйымдастырылды. Аталған шаралар Отан соғысының басталғанына 78 жыл толуына және Беларусь жерінің неміс-фашист әскерінен босатылғанына 75 жыл толуына орай өткізілді. Дөңгелек үстелге қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшылар, жастар ұйымының өкілдері мен журналистер қатысты.
Жиынды Мәскеу студиясы бастады. Студияда сөз алған сарапшылар Кеңес Одағы тарапынан ғана ондаған миллион адамның өмірін жалмаған Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы - келесі жылы екенін еске салды.
Мәскеу студиясының қонағы, Жаһандану проблемалары орталығының басшысы, саясат ғылымдарының докторы Александр Чачия Отан соғысын ешқашан ұмытпауымыз керек деді.
«Егер халықтарымыз қазіргі кезеңде үйлесімді өмір сүргісі келсе, жақсы болашағының болғанын қаласа, өз тарихы бар толыққанды ұлт болып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз еткісі келсе, тарихи естеліктің қалыптасқанын қаласа, ал онсыз өздеріңіз білесіздер, ұлттың болуы мүмкін емес, әрине Отан соғысы туралы, батырларымыздың сұрапыл соғыстағы үлкен ерлігі жайлы ұмытпауы қажет. Бұл қазіргі түрлі жалған ақпарат көп тарайтын аумалы-төкпелі кезеңде аса маңызды», - деді Александр Чачия.
Ал Минск студиясында сөз алған тарихшылар ардагерлердің азайып келе жатқанын айтты. «Сондықтан Отан соғысы туралы ұрпақтан ұрпаққа дұрыс мәлімет жеткізу аса маңызды» дейді олар.
Алматы студиясынан байланысқа тарихшы, «1941. Брест қамалы. Қазақстан» кітабының авторы Лайла Ахметова мен қоғам қайраткері, генерал И.В. Панфиловтың немересі Айгүл Байқамадамова шықты.
Лайла Ахметова «Брест қамалы» тақырыбында бірнеше жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізгенін айтты.
«Бүгінгі күні мен «Брест қамалы» тақырыбын зерттеудің арқасында 635 адамды анықтап, таптым. Яғни, олар бұрын «із-түссіз жоғалған» санатында болған. Ал енді олардың қай жерде қаза тауып, жерленгенін анықтадық. Тағы бір айта кетерім, сол кездегі қанқұйлы соғыс кезінде ешкім ұлтқа бөлінбеді. Олардың басты мақсаты – Отанын қорғап қалу болды», - деді Лайла Ахметова.
Дөңгелек үстел соңында Беларусь еліне баспасөз турымен барған Қазақстан журналистері де Минск студиясынан өз пікірлерін ортаға салды. Осылайша, бір сағаттан астам уақытқа жалғасқан жиында сарапшылар Отан соғысы жайлы түрлі деректер мен фактілерді келтірді, пікір алмасты.