Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жайлы өмір сүру ортасын құру қажет

10 Маусым 2020, 14:43
2877
Бөлісу:
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жайлы өмір сүру ортасын құру қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің жетекшісі Қанат Тоқтыбаев мәлімдеді.

Біздің департамент профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру нысанында жүргізілетін мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігі бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады. Алдын алу бақылауына келер болсақ, бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен жартыжылдық тізімдер негізінде жүргізілетін жоспарлы бақылау. Профилактикалық бақылау ескерту сипатында болады, онда заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау нәтижелері бойынша оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, орындау мерзімімен жою туралы нұсқамалар енгізіледі. Бұл ретте көрсетілген мерзімге дейін заңбұзушылықтар жойылмаған жағдайда хаттама жасалады және іс материалдары жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік сотқа жіберіледі, қызметін тоқтата тұруға дейін айыппұл санкциялары салынады, - деді ол.

Қанат Тоқтыбаевтың айтуынша, жоспардан тыс тексерулер өтініш негізінде жүргізіледі. Мұндай тексерулердің нәтижесі бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделеді және заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылады.

Өкінішке қарай, жыл сайын мүмкіндігі шектеулі адамдар саны артып келеді. Әрбір адам кез келген уақытта жазатайым оқиғаға тап болып немесе ауыр дерт салдарынан мүгедек болып қалуы мүмкін. Мүгедектігі бар адамдарға қатысты әлеуметтік саясаттың ең өзекті міндеттері қатарында оларға барлық басқа азаматтармен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, толыққанды өмір салтын жүргізуге және өзінің азаматтық міндеттерін орындауға мүмкіндік беретін қолайлы жағдайлар жасау сияқты міндеттер бар. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жайлы өмір сүру ортасын құру қажет, - деді Тоқтыбаев.

Қанат Тоқтыбаев көп жағдайда ғимараттар тік, тайғақ пандус немесе одан да нашар құрылғылармен жабдықталып, рельсті конструкция орната салатынын айтады. 

Мұндай жолмен сау адамның өзі әзер жүріп өтеді. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарға арналған санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар жабдықталмайды. Пандустар (көтергіш құрылғылар), тұтқалар, табалдырықтың болмауы аналарға және егде жастағы адамдарға да қажет. Осыған байланысты, елорда тұрғындары мен қонақтарына кедергісіз кіру жолы қамтамасыз етілмеген жағдайда, тиісті өтініштерін департаментке пошта арқылы, қолма-қол немесе электрондық портал арқылы жібере алатынын айтқымыз келеді. Біз өз кезегімізде әр өтінішті міндетті түрде жеке қарастырамыз және тиісті шара қабылдаймыз. Сондай-ақ, нысан иелері өз нысаны бойынша мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар алу үшін департаментке жүгіне алады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы