Андрей Лукин Сербияның Қазақстандағы елшісімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин Сербия Республикасының Қазақстандағы елшісі Владимир Йовичичпен кездесті.
Сенатор елдің саяси дамудың маңызды кезеңінде тұрғаны туралы әңгімеледі. 2022 жылы конституциялық реформа жасалды және ауқымды ішкі саяси өзгерістер болды. Референдум және кезектен тыс президенттік сайлау, Парламенттің екі палатасы мен жергілікті өкілді органдарға сайлау өткізілді.
Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүзеге аса бастаған реформаларды сапалы және уақтылы заңнамалық қамтамасыз ету Сенаттың бүгінгі таңдағы маңызды міндеті. Реформаның мақсаты – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтары арасындағы, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету болып отыр. Еліміздің экономикалық моделі де ауқымды түрде қайта қалыптасуда. Өңдеу секторын дамытуға баса назар аударылып отыр. Металдарды терең өңдеу, мұнай химиясы, ауыр машина жасау, уранды байыту сияқты салаларда ірі жобалар пысықталуда. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, сондай-ақ цифрландыру және инновацияларды енгізу мәселелеріне де баса назар аударылуда, - деді Андрей Лукин.
Тараптар кездесу барысында құқықтық қамтамасыз ету, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, экологиялық саясат, логистика, мәдени-гуманитарлық білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Йовичич өз кезегінде Сербия Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға белсенді ықпал етуге дайын екенін атап өтті.