Бүгінде елімізде құмар ойынның құрбанына айналғандар қатары азаймай тұр. Ел үшін алаңдатарлық мәселеге айналған құмар ойынға тәуелділіктен қалай арылуға болады? Мемлекет бұл дерттің алдын алу үшін қандай қадамдар жасап жатыр? BAQ.KZ тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.
Жалпы, лудомания – адамның өзінің ойын ойнау әдетін бақылауды жоғалтуы. Мұндай тәуелділіктен зардап шеккен адам үнемі ойын ойнауға ұмтылады, айналасындағының бәрін ұмытады, өмірдің басқа маңызды кезеңдерін назарынан тыс қалдырады. Ал адам мұндай жолға қалай түседі? Лудомандардың қате қадам жасап, былыққа батып кетуіне не себеп?
Құмар ойынға тәуелділіктің үш себебі
Мамандар құмар ойынға тәуелділіктің себебін үш топқа бөліп қарастырады: психологиялық, қаржылық, әлеуметтік себептер. Көбіне адамдар құмар ойындарға эмоционалдық күйзеліс, депрессия немесе стресстен шығу үшін барады. Уақыт өте келе олар жеңіске жету арқылы өздерінің өмірін өзгертуді армандайды. Бұл үміт адамды қайта-қайта ойын ойнауға итермелейді.
Сонымен қатар, адамдар құмар ойындарға қаржылық қиындықтарынан шығу немесе қарыздарынан құтылу мақсатында жиі барады екен. Қаржылық қиындыққа ұшыраған сәтте құмар ойын ойнап жеңіске жеткен адам өзінің осы арқылы мүмкіндігі арта түскендей сезінеді. Бұл сезім оны одан әрі құмар ойынның құрбанына айналдырады. Өкінішке қарай, құмар ойындардың қаржылық дағдарысқа әкелетінін лудомандар кеш түсінеді.
Бүгінгі таңда әлем бойынша құмар ойынға тәуелділік салдарынан жасалатын суицид деңгейі 15 есе артқан. Бұл үрейлі көрсеткіш құмар ойындардың жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның да қауіпсіздігіне қатер төндіретінін көрсетеді. Қазақстанда өткен жылы бар болғаны сегіз айдың ішінде 2620 өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелген. Оның ішінде 2080 ер адам, 540 әйел және 139 кәмелетке толмағандар болған. Мамандар суицидтің негізгі себептерінің бірі ретінде қаржылық күйзелісті, ал қаржылық қиындықтардың себепшісі ретінде құмар ойындарға тәуелділікті алға тартады.
Ал құмар ойынның әлеуметтік себептері қандай? Ең алдымен, ол – құмар ойындардың танымалдығы, әсіресе жастар арасында, адамдарды әлеуметтік ықпалдарға ұшыратып, ойынға тартуы мүмкін. Кейде адамдар достарының немесе отбасының басқа мүшелерінің әсерінен құмар ойындарға әуес болады.
Құмар ойындарға тәуелділік – бұл тек жаман әдет қана емес, ол терең психологиялық проблема. Әдетте мұндай тәуелділік адамның ішкі күйзелісінен, шешілмеген эмоционалдық мәселелерден немесе өмірінде бос орын қалуынан туындайды. Құмар ойын кезінде адам қысқа уақытқа болса да эйфория, үміт, толқу сезімдерін бастан кешіреді. Бірақ жеңіліс көбейген сайын, бұл сезімдер орнын күйзеліс пен өзін-өзі кінәлау сезімдері басады, - дейді психолог Рахат Көшербайқызы.
Көмек сұраудан қорықпау керек
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ғалымжанның (есімі өзгертілген) құмар ойынға бет бұруы жоғарыда айтқанымыздай достарының әсер етуімен болған. Ғалымжан – 29 жаста, жоғары білімі бар. Отбасын құрған, екі баланың әкесі. Бүгінде құмар ойынға тәуелділікпен күресіп жүрген азамат.
Ғалымжанның айтуынша, бәрі жай қызығушылықпен басталған. Достарымен бірге ойын автоматтарына барып, алғашында аздап ұтып жүрген. Бұл жеңістер оған ерекше қуаныш сыйлаған екен. Сол сәттерде бәрі жеңіл, көңілді сияқты көрінген. Бірақ уақыт өте келе ойынға деген қызығушылық тәуелділікке айналып, өмірінің ажырамас бөлігіне айналып кеткенін өзі де байқамай қалыпты.
Құмар ойынға беріліп кеткеннен кейін Ғалымжанның өмірінде қиындықтар көбейе бастаған. Алдымен қаржы мәселелері туындады: тапқан табысы түгел ойынға кететін болды. Ақша жетпесе, таныстарынан қарыз алып, қайтадан ұтсам бәрін қайтарып беремін деп өзін-өзі алдады. Кейін тіпті несие алып, оны да ойынға салып жіберген. Отбасындағы түсініспеушіліктер де көбейді, жұмыстағы жауапкершілігі төмендеді. Әлемі біртіндеп құлдырай бастады.
Ойыннан бас алмай жүрген Ғалымжанның бір күні барлық банк карталары босап, бір тиынсыз қалған. Сол кезде ол өзінің терең тығырыққа тірелгенін түсініп, мамандардың көмегінсіз шыға алмайтынын мойындады. Осы қиындықтан шығу үшін психологиялық қолдау орталығына жүгініп, топтық терапияға қатыса бастады. Қазір ол емделу жолында үлкен еңбек етіп жүр. Өзі мойындағандай, бұл оңай жол емес, бірақ ең маңыздысы — проблеманы мойындап, көмек сұраудан қорықпау.
Құмар ойын — тек уақытша қызық. Оның артында үлкен қайғы мен зардап жатыр. Егер өзіңізден тәуелділіктің алғашқы белгілерін байқасаңыз, бірден тоқтаңыз және жақындарыңыздан көмек сұраңыз. Былыққа белшеден батқан кезде тығырықтан шығу қиын болады. Қандай жағдай болса да жаныңыздағы жақындарыңызға ашық айтып, көмек алудан қорықпаңыз. Себебі бұл мәселеден жалғыз өзіңіз шыға алмайсыз. Ал жастарға айтарым, құмар ойынды тіпті қызық үшін ойнап көрмеңіз. Қызық қуып жүріп барыңыздан айырылып қаласыз, - дейді Ғалымжан.
Психологтар да Ғалымжанның ойын растайды. Шынында да, құмар ойынға тәуелді болып қалған адам айналасынан көмек болмаса, бұл дерттен арылу қиынның қиыны.
Өкінішке қарай, тәуелділік пайда болғаннан кейін адам ойыннан өз бетімен бас тарта алмай қалады. Ол өзінің мінез-құлқын бақылауда қиындық көреді және жиі өзін-өзі алдауға, жауапкершіліктен қашуға бейім болады. Тәуелділікті жеңу үшін алдымен адам өз мәселесін мойындауы керек. Бұл – сауығудың алғашқы және ең маңызды қадамы. Құмар ойынға тәуелді адамдарға жеке және топтық психотерапия, когнитивті-мінез-құлықтық терапия әдістері жақсы нәтиже береді. Сонымен бірге, олардың отбасылары мен жақындарының қолдауы аса маңызды. Ең бастысы, бұл адамдарды айыптамау, керісінше, оларды түсініп, дұрыс қолдау көрсету. Құмар ойынға тәуелділіктен арылу – ұзақ әрі күрделі процесс, бірақ кәсіби көмек пен адамның өз қалауымен бұл тәуелділікті жеңуге толық мүмкіндік бар, - дейді психолог Рахат Көшербайқызы.
Лудоманиямен күрес жолдары
Құмар ойындарға тәуелділік – қауіпті әлеуметтік дерт. Оның салдары суицидке, қылмыстық әрекеттерге, отбасылық дағдарыстарға және экономикалық күйреуге алып келеді. Сондықтан мемлекет пен қоғам бұл мәселеге бейжай қарамауы керек. Алдын алу шараларын күшейту, тәуелділікке қарсы психологиялық көмек көрсету және заңнамалық тұрғыда тиімді шектеулер енгізу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Елімізде Ғалымжан секілді қызық үшін құмар ойын ойнап, соңында орны толмас өкінішке ұрынып жатқандар қаншама. Сол себепті де Қазақстанда лудоманиямен күреске ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, Туризм және спорт министрлігі 2024–2026 жылдарға арналған заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Бұл жоспар аясында лудоманияның таралуын зерттеу, алғашқы медициналық көмекті күшейту, заң бұзушылықтардың алдын алу және арнайы мамандарды даярлау бағытында жұмыстар жүргізіледі.
Қазақстанда құмар ойындарға қатысты төмендегідей заңнамалық шектеулер бар:
- Казино мен ойын автоматтары арнайы ойын аймақтарында ғана жұмыс істей алады (Ақмола, Алматы облыстарында).
- Ойын мекемелеріне кіруге шектеу қоятын «Өзін-өзі шектеу тізілімі» (реестр) жұмыс істейді. Тізімге енген азаматтарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады.
- Жарнамалық шектеулер мен бақылау күшейтілді.
2024 жылы Қазақстан Үкіметі құмар ойындарға қатысты онлайн-мониторинг жүйесін енгізуді бастады. Бұл жүйе азаматтардың ойынға жұмсалған қаражатын бақылай отырып, тәуекел топтағы адамдарды анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, елімізде құмар ойындарға қатысу жасын 25 жасқа дейін көтеру, алу, заңсыз жұмыс істейтін шетелдік ойын бизнесі компанияларының қаржылық операцияларын шектеу қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанда лудоманиямен күрес бірнеше негізгі заңнамалық актілермен реттеледі. Ойын бизнесі арнайы белгіленген аймақтармен шектелген және онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, заңсыз құмар ойындарды ұйымдастырған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке, ал қылмыстық кодекске сай, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазақстанда лудоманияға қарсы күрес жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қабылданған заңдар мен жаңа бастамалар, кешенді бағдарламалар тәуелділікпен күрес жолында үлкен қадам саналады. Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені ескере отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажет.