Ұлттық бюро түлектердің ҰБТ-дан қалай жоғары балл алатынын тексермек

16 Қаңтар 2019, 17:39
5140
Бөлісу:
Ұлттық бюро түлектердің ҰБТ-дан қалай жоғары балл алатынын тексермек

Астана, baq.kz тілшісі. ҰБТ-ға дайындайтын орталықтардың жұмысын тексереміз. Бұл туралы ҚР МҚІСЖҚА Жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабирбаев мәлім етті.

Алдымен ол «Астана - адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру аясында жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға және колледж түлектерін кешенді тестілеуге дайындау барысында жемқорлық қауіпін төмендеу үшін ұсынымдар әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Осы орайда Данияр Сабирбаев өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (ҚР МҚІСЖҚА) Қазақстандағы колледждерге бөлінетін гранттардың сапасы жайында көп ақпарат таратқанын айта келе, аталған мәселені биыл шешу қажеттігін атап өтті.

«Біз ҚР Білім және ғылым министрлігі осы жылы түлектерді жоғары оқу орнына түсіру мен колледждердегі мемлекеттік гранттарды бөлу форматы мен әдісін өзгерту қажет деген пікірдеміз. Себебі, мұнда көптеген мәселе бар. Министрлік бізбен келісіп отыр. Осы жылы колледждерге түсу жүйесі түбегейлі өзгереді деген үміттеміз», - деді ол.

Сонымен қатар департамент директоры ҰБТ-ға қатысты да шешімін таппаған мәселе бар екенін мәлім етті. Осы орайда ол алдағы уақытта ҰБТ-ға дайындайтын орталықтардың жұмысы тексерілетінін жеткізді.

«ҰБТ бойынша да сұрақтар бар. Осы жылы министрлікпен бірігіп, осы осы мәселелерді шешеміз. Осы орайда жобалық офис  «Достық» және «Лидер» білім беру орталықтарының жұмысына талдау жүргізеді. Мұнда жоғары сынып оқушылары қосымша білім алады. Осылайша, біз жоғары оқу орнына түскісі келетін жоғары сынып оқушылары мен қосымша білім беретін орталықтары арасындағы байланыс пен ҰБТ-дан жоғары балды қалай алатынын түсінгіміз келеді. Бұрын ҰБТ-ны жылына бір рет өтсе, енді жылына төрт рет өтеді. Енді бізде ҰБТ-ға дайындайтын орталықтарға қатысты мәселе туындап отыр», - деді Данияр Сабирбаев.

Сөз соңында Данияр Сабирбаев мемлекеттік гранттар білімді түлектерге берілуі қажет екенін атап өтіп, гранттарды бөлу адал және ашық түрде жүргізілуі қажет екенін жеткізді.

Айта кетейік, осыған дейін Астанада мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 330 мың теңгеге өскенін жазғанбыз.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Өзгелердің жаңалығы