Лондонда «ABAI» кітабының тұсаукесері өтті

12 Қараша 2020, 13:58
1243
Бөлісу:
Лондонда «ABAI» кітабының тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Лондонда Кембридж университетінің баспасы, Қазақстанның Ұлттық аударма бюросы жəне Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен əлемдік деңгейдегі ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай хакім шығармаларының ағылшын тіліндегі алғашқы толық жинағы - «ABAI» кітабының тұсаукесері өтті.

Онлайн форматта өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Кембридж университеті баспасының атқарушы директоры Питер Филлипс, Британ Кеңесі ғаламдық желісінің директоры Кейт Эварт-Биггс, ҚР-ның Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы, британдық ақындар Джон Бернсайд пен Шон O’Брайен қатысты. Жиында Кембридж университеті баспасының біріктіру істері жөніндегі директоры Кевин Тейлор модератор болды.

Жинақты ұлы ақынның 175 жылдығына орай Ұлттық аударма бюросының Абай шығармаларын әлемнің он тілінде басып шығару жөніндегі ауқымды жобасы аясында көпғасырлық тарихы бар Кембридж университетінің баспасы зор ықыласпен дайындап, жарыққа шығарды.

Бұл - Абайдың осыған дейін жарық көрген аудармаларымен салыстырғанда барынша толық және қазақ тілінен ағылшын тіліне тұңғыш рет тікелей тәржімаланған кітап.

Профессор Шон О’Брайен Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, Джон Бернсайд ойшылдың қара сөздерін еліміздің қазақ-ағылшын аудармашыларының жаңа буынымен бірлесе отырып, ағылшын тіліне тəржімалады. Осылайша, аудармашылар мазмұны, айтар ойы жағынан жинақты барынша тұпнұсқаға жақын өтуге тырысты. Айта кетейік, бұған дейінгі Абай кітабының барлығы ағылшын тіліне орыс тіліндегі нұсқадан аударылған еді.

Онлайн тұсаукесерді Facebook əлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде əлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендер тамашалады. Тұсаукесер аясында қазақ жəне британ əншілерінің қатысуымен онлайн-концерт өтті.

Басқосу барысында Мəдениет жəне спорт министрі биылғы əлем үшін сындарлы кезеңге қарамастан Абай Құнанбайұлының мерейтойы халықаралық масштабта тойланып жатқанын жеткізді.

Қазақ ұлтының паспортына айналған ұлы тұлғаның өмірін, шығармашылығын терең зерттеп, оның тұңғиығына одан әрі бойлап, атын әлемге жария ету – біздің мақсатымыз. Қазақ жазба әдебиетін қалыптастырып, артында мәңгілік мұра қалдырған ұлы ойшылдың есімі әрбір қазақстандықтың жүрегінде. Ол өз заманында-ақ өресі биік, көңіл көкжиегі кең тұлға ретінде танылды. Табиғат, махаббат, саяси лирикаға арнап өлеңдер жазды. Шығармашылығының тағы бір төбесі – «Қара сөздері». Абайдың осы қырық бес ғақлиясы әлем халқының ерекше ықыласына бөленіп келеді. «Өнерде шекара болмайды» демекші, Абайдың шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылған. Абай Құнанбайұлының маржан сөздерімен, ғибратты һәм терең поэзиясымен танысқан әлем халқының таңданысын әрбіріміз көріп, біліп отырмыз. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын халықаралық масштабта өткізудегі ең маңызды міндеттердің бірі – Абай шығармашылығын әлем халқына насихаттау. Осыған орай, мерейтой қарсаңында Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздері» бірнеше тілге, соның ішінде француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, италия, түрік орыс тілдеріне аударылып, аударылған елдер тілінде тарату жоспарланған. Жұмысымыз жоспар бойынша жүріп жатыр, – деді Мəдениет жəне спорт министрі.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бүкіл әлемді алаңдатқан коронавирус пандемиясына байланысты дүркіреп өтуі тиіс іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылып отыр. Дегенмен, болашақ ұрпақ пен бүгінгі оқырман үшін маңыздысы – Абай Құнанбайұлының толық шығармалар жинағының ағылшын тіліне аударылып, басылуы.

Ағылшын тілі – миллиардтан астам адамның ортақ тілі. Абайдың толық шығармалар жинағының ағылшын тіліне аударылуын ақын шығармалары миллиард оқырманға ұсынылды деген сөз. Сонымен қатар, бұл Абайдың осыған дейін жарық көрген аудармаларымен салыстырғанда барынша толық және қазақ тілінен ағылшын тіліне тікелей аударылып өз мәнін барынша сақтап қалған ерекше жинақ екендігін атап өту қажет. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қамтылған осындай ірі жобалардың жүзеге асқанына бек ризамыз. Сондай-ақ осындай ірі жобаны жүзеге асыруға атсалысқан Кембридж университеті баспасының басшылығына, арнайы, профессор Шон О’Брайен, профессор Джон Бернсайд мырзаларға қазақ халқы атынан шын жүректен алғыс білдіремін! Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі мен Ұлттық аударма бюросының қосқан үлесін ерекше атап өту қажет, деп санаймын. Абай дүниесінің ағылшын тілінде сөйлейтін оқырман қауымға паш етілуі – қазақтың мақтанышы, - деді Ақтоты Райымқұлова.
Сонымен қатар биыл Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі Абай əндерінің ағылшын тіліндегі алғашқы əн жинағын шығаруды жоспарлап отыр. Жинақтағы əндерге нота, QR-код жəне танымал əншілердің орындауы қосылады.

Сондай-ақ осы жылы Елшілік хакім мерейтойы аясында АҚШ, Британия жəне отандық ғалымдардың қатысуымен онлайн-конференция ұйымдастырып, Абай өлеңдерін оқу челленджіне қатысқан.

Өзгелердің жаңалығы