Қаржылық алаяқтық. Ломбардқа жарнама жасаған жұлдыздар тергеуге алынады

26 Ақпан 2020, 12:55
2082
Бөлісу:
Қаржылық алаяқтық. Ломбардқа жарнама жасаған жұлдыздар тергеуге алынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаржы пирамидасын құрып жүрген ломбардтардың жарнамасына түскен әлеуметтік желідегі танымал адамдарды полиция шақыртып, тергеу жүргізетінін айтты.

Жақын арада қаржылық пирамидалардың жарнамалық іс-шараларына қатысқан эстрада жұлдыздары жауапқа тартылады. Жарнама туралы заңға сәйкес, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 150, 157-баптары бар. Сол бойынша жауапкершілік шынымен қарастырылған. Сондай-ақ, осындай жауапкершілік те қажет. Біздің шоу-бизнес жұлдыздары мен эстрада жұлдыздары қылмыстық әрекеттерді жарнамалау арқылы олар ақша алу үшін құрылған қылмыстық ұйымдардың әрекеттерін жарнамалайтынын сенімді түрде білуі керек, - деді Санжар Әділов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.


Айта кетейік, 22 ақпанда Ақтөбеде тағы бір қаржы ұйымының ісі полицейлердің назарына іліккені хабарланған. "Гарант 24 ломбард" қаржылық ұйымының салымшылары компания алдында шу шығарды. Алданған ақтөбеліктер ЖШС кеңсесіне барып, ақшаларын қайтара алмай әуре-сарсаңға түскен болатын.

Кейіннен полиция Алматыда "Гарант 24" және Estate ломбардтарының өңірлік директорларын "қаржылық пирамида құрды" деген күдікпен тұтқындады.

"Гарант-24" ломбардының жарнамасына түскен танымал қазақстандық актерлар әшкере болған компанияның алаяқтық әрекеттеріне қатысты әлеуметтік желідегі парақшаларында пікір білдіріп, халықтан кешірім сұрады.

24 ақпанда"Гарант 24" ЖШС мен "ESTATE Ломбард" ЖШС Павлодар облыстық директорлары уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өткен жылдың қазан айынан бастап Қазақстанның 13 өңірінде бұрын тіркелген үш ЖШС бір уақытта өз қызметін бастаған: "Гарант 24 Ломбард", "ЕЅТАТЕ Ломбард", "Выгодный займ". Қазір қаржы пирамидалары келтірген шығын 5 млрд-тан асқан.


  


Өзгелердің жаңалығы